Қазақстанда мыс кенін өндіру соңғы 35 жылда төрт еседен астам өскен. Бірақ одан дайын металл шығару ісі сол күйі қалған. Елде кен жеткілікті, ал оны өңдейтін зауыттар ескіріп барады. Сонда мысқа бай мемлекет неге жаңа зауыттарды көптеп сала алмай отыр? Экономист Айдархан Құсайынов мұның себебін түсіндірді, – деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстанның шикізат сатып қана қоймай, одан дайын өнім шығаратын елге айналуы керектігі көптен айтылып келеді. Бұл мәселе Үкіметтің жуырдағы отырысында тағы көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық металлургия зауыттарын ұзақ мерзімге шикізатпен қамтамасыз ету жолдарын қарастыруды және кенді терең өңдеуге инвестиция тартуды тапсырды.
Алайда кеннің мол болуы зауыт салуға жеткіліксіз. Қазіргі металлургия кәсіпорындарын жаңарту үшін де қыруар қаржы керек. Оның үстіне әлемде мысқа сұраныс пен баға өскенімен, оны балқытып, дайын металл шығаратын кәсіпорындардың табысы азайып барады.
Экономист Айдархан Құсайынов Informburo.kz басылымына берген сұхбатында Қазақстан металлургиясының қандай қиындыққа тап болғанын, жаңа зауыттар салу үшін не істеу керектігін және шикізатты ел ішінде өңдеудің пайдасын түсіндірді.
35 жылда кен өндіру төрт есеге өсті, ал дайын мыс көлемі өзгермеді
Экономистің айтуынша, Қазақстан мыс өндіруді дамытуға орасан қаржы жұмсағанымен, оны өңдеу ісіне дәл сондай көңіл бөлмеген.
Мұны соңғы 35 жылдағы көрсеткіштерден-ақ байқауға болады.
«Жақында Қазақстанның 1990 жылдан бергі мыс өнеркәсібіне қатысты қызық деректерді көрдім. Меніңше, бұл сандар біздің басты мәселемізді анық көрсетеді. 35 жылда мыс кенін өндіру көлемі 38,5 миллион тоннадан 163,7 миллион тоннаға дейін, яғни төрт еседен астам өскен. Ал тазартылған мыс өндірісі іс жүзінде бұрынғы деңгейінде қалған», – дейді Айдархан Құсайынов.
Әрине, жерден қазып алынған кеннің бәрі бірдей дайын мыс емес. Оның құрамындағы металдың мөлшері, кенді байыту және өңдеу технологиясы да маңызды.
Дегенмен экономистің пікірінше, бұл жағдай негізгі мәселені өзгертпейді: Қазақстан кен өндіруде үлкен жетістікке жеткенімен, металлургияны дәл сондай қарқынмен дамыта алмаған.
Тәуелсіздік жылдары елде жаңа кен орындары игеріліп, тау-кен кәсіпорындары мен кен байыту фабрикалары ашылды. Бұл салаға миллиардтаған доллар инвестиция салынды. Бірақ мыс балқыту зауыттарына мұндай көлемде қаржы құйылған жоқ.
Соның салдарынан Қазақстан әлі күнге дейін өткен ғасырда салынған кәсіпорындарға сүйеніп отыр.
Мәселен, Балқаш мыс қорыту зауыты 1938 жылдан бері жұмыс істейді. Ал Жезқазғандағы зауыт 1970-жылдары іске қосылған.
«Кез келген жабдық уақыт өте тозады, технология ескіреді, ал экологиялық талаптар күшейе береді. Сондықтан металлургия зауыттарын үнемі жаңартып отыру қажет. Бұл тек өнім көлемі мен табысқа қатысты мәселе емес. Әңгіме жұмысшылардың қауіпсіздігі, өндірісті қалалардағы тұрғындардың денсаулығы және қоршаған ортаның жағдайы туралы болып отыр», – дейді экономист.
Оның пікірінше, отандық металлургияны сақтау ұлттық қауіпсіздік үшін де маңызды.
Өйткені өз зауыттары бар мемлекет шикізатын шетелге толық тәуелді болмай, өзі өңдей алады. Сонымен бірге елде өндірістік технологиялар мен білікті мамандар сақталады.
«Мен мұны ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде де қарастырар едім. Себебі өз металлургиямыз дегеніміз – стратегиялық маңызы бар өндіріс орындары, білікті мамандар және өз байлығымызды шетелдік кәсіпорындарға толық тәуелді болмай өңдеу мүмкіндігі. Жұмыс істеп тұрған зауыттан айырылу оңай, ал оны кейін қайта қалпына келтіру әлдеқайда қиын. Қажетті инвестицияны неғұрлым ұзақ кейінге қалдырсақ, зауыттарды жаңарту соғұрлым қымбатқа түсуі мүмкін», – дейді Құсайынов.
Мыс қымбаттап жатыр. Бірақ оны өңдейтін зауыттар неге қиналуда?
Бір қарағанда түсініксіз жағдай. Әлемде мысқа сұраныс өсіп, бағасы қымбаттап жатыр. Соған қарамастан, оны балқытып, дайын металл шығаратын кәсіпорындар қиындыққа тап болған.
Айдархан Құсайынов мұның себебін мыс өндірушілер мен оны өңдеушілердің табыс табу жолындағы айырмашылықпен түсіндіреді.
Кен өндіретін компаниялар мыс концентратын шығарады. Ал металлургия зауыттары сол концентратты балқытып, дайын металға айналдырады.
Осы қызметі үшін зауыттарға арнайы ақы төленеді. Халықаралық нарықта ол TC (Treatment Charge) деп аталады. Яғни бұл – мыс концентратын өңдеу ақысы.
Мәселе осы ақының күрт төмендеуінде болып отыр.
«2026 жылы мыс концентратын өңдеу ақысының әлемдік бағдарлық мөлшерлемесі нөлге дейін түсті. Ал жедел нарықтағы кейбір көрсеткіштер тіпті теріс мәнге жетті. Бірақ зауыттар тегін жұмыс істеп кеткен жоқ қой. Олар әлі де электр энергиясына, жұмысшылардың еңбекақысына, жөндеу жұмыстарына және экологиялық шараларға қаржы жұмсайды», – дейді экономист.
Ол нақты сандарды да келтірді.
2025 жылы әлемдегі мыс балқыту кәсіпорындарының тікелей шығыны орта есеппен бір тонна құрғақ концентратқа 124 доллар болған. Ал Қытайда бұл көрсеткіш шамамен 58 долларды құраған.
Оның өзінде бұл есепке жаңа жабдықтар сатып алу, зауыттарды жаңарту сияқты ірі инвестициялық шығындар кірмейді.
Дегенмен металлургия зауыттарының табысы тек концентратты өңдеу ақысынан құралмайды. Олар алтын, күміс және күкірт қышқылы сияқты қосымша өнімдерді де өндіре алады.
Бірақ мұның да тәуекелі бар.
«Қосымша өнімдердің бағасы өте құбылмалы. Бүгін алтын, күміс немесе күкірт қышқылы жақсы табыс әкелуі мүмкін. Ал ертең нарықтағы жағдай өзгеріп кетеді. Сондықтан зауыттарды жаңартуға миллиардтаған қаржы салуды жоспарлағанда тек қосымша өнімдерден түсетін табысқа сену қауіпті», – деп түсіндірді Құсайынов.
Осылайша Қазақстан күрделі жағдайға тап болған. Ел ондаған жыл бойы кен өндіруді ұлғайтуға инвестиция салды. Енді қолданыстағы металлургия зауыттарын жаңарту керек болғанда, әлемде кен өңдеудің табыстылығы төмендеп кеткен.
Экономистің пікірінше, Қазақстан мыс өндірумен ғана шектелмей, оны өзі өңдейтін мемлекет болып қалғысы келсе, зауыттарды жаңартуды бұдан әрі созбауы керек.
АҚШ-та 15 мыс балқыту зауытының екеуі ғана қалған
Бұл мәселе Қазақстанға ғана тән емес.
Айдархан Құсайынов әлемдегі ірі мыс өндіруші елдерде де металлургия кәсіпорындары жабылып жатқанын айтады.
Мысалы, 1980-жылдары АҚШ-та шамамен 15 мыс балқыту зауыты жұмыс істеген. Қазір олардың екеуі ғана қалған.
Чилиде де бірқатар кәсіпорын жабылған. Ал Филиппиндегі PASAR зауыты 2025 жылдың ақпанында жұмысын уақытша тоқтатқан.
Мұның себептері әртүрлі: өндірістік шығындардың көптігі, ескірген технологиялар, экологиялық талаптардың күшеюі және зауыттардың толық қуатында жұмыс істей алмауы.
«Мысқа сұраныстың жоғары болуы оны балқытатын зауыт міндетті түрде табыс табады деген сөз емес. Қазір көптеген елде мыс балқыту өнеркәсібі үлкен экономикалық қиындық көріп отыр», – дейді экономист.
Ал Қытайда жағдай басқаша.
Соңғы 20 жылда бұл ел әлемдегі ең ірі мыс өңдеу орталығына айналған.
Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, 2005 жылдан бергі әлемдік мыс балқыту өндірісі өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайдың үлесіне тиесілі.
Экономист мұны Қытайдағы өндіріс ауқымының үлкендігімен, заманауи технологиялармен, дамыған инфрақұрылыммен және шығындардың салыстырмалы түрде төмендігімен байланыстырады.
Алайда концентратты өңдеу ақысының төмендеуі Қытай кәсіпорындарына да қысым түсіріп отыр.
«Біз елде мыс кен орындары мен металлургия зауыттары болса, бұл сала мәңгі жұмыс істей береді деп ойлауға үйренгенбіз. Бірақ әлемдік тәжірибе олай емес екенін көрсетеді. Металлургия зауытын бір рет салып қою жеткіліксіз. Оны үнемі дамытып, жаңартып, бәсекеге қабілетті жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Әйтпесе ондаған жылдық тарихы бар кәсіпорындардың өзі жабылып қалуы мүмкін», – дейді Құсайынов.
Басқа елдер зауыттарын қалай сақтап жатыр?
Экономистің айтуынша, металлургияны қолдаудың барша елге бірдей жарайтын жолы жоқ. Сондықтан мемлекеттер өз жағдайына қарай әртүрлі шешім қабылдап жатыр.
Мәселен, Индонезия мыс концентратының экспортын шектеп, шикізатты өз аумағында өңдеуді дамытуға күш салуда.
Конго Демократиялық Республикасы 2026 жылы мыс пен кобальт концентраттарын елден шығаруға қатысты тыйымды жаңартқан. Дегенмен кейбір жағдайларға ерекше рұқсат қарастырылған.
Ал Аустралия кәсіпорындарға тікелей көмек беруді таңдаған.
Бұл елде Mount Isa мыс балқыту зауыты мен Townsville мыс тазарту кәсіпорнына үш жыл ішінде шамамен 395 миллион АҚШ доллары көлемінде қолдау көрсету жарияланған.
Қытай болса, керісінше, жаңа мыс балқыту зауыттарын шектен тыс көбейтпеуге тырысып жатыр.
Ел билігі геологиялық барлауды күшейтуге, өз кен өндірісін арттыруға және шетелдік концентрат жеткізушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға көңіл бөлуде.
Яғни басты мақсат зауыт санын көбейту емес, кен өндіру мен оны өңдеу көлемінің арасындағы тепе-теңдікті сақтау болып отыр.
Айдархан Құсайынов Қазақстан да осы мәселеде өз жолын табуы керек деп есептейді.
«Біздің жағдайда кен өндіруші компаниялар мен оны өңдейтін кәсіпорындардың мүддесі арасындағы тепе-теңдікті табу маңызды», – дейді ол.
Қазақстан 2,8 миллиард доллардың мыс шикізатын шетелге сатқан
Қазақстанда мыс кенін өңдеуден гөрі оны шетелге сату әлі де үлкен орын алып отыр.
Экономист келтірген дерекке сүйенсек, 2025 жылы Қазақстан 1,4 миллион тоннадан астам мыс кені мен концентратын экспорттаған. Оның жалпы құны 2,8 миллиард доллар болған.
Мұның басты себептерінің бірі – елдегі металлургия зауыттарының барлық өндірілген шикізатты өңдеуге қуаты жетпейді.
Дегенмен Қазақстанда шикізатты алдымен өз кәсіпорындарында өңдеуге басымдық беретін белгілі бір тетіктер бар.
Мәселен, құрамында бағалы металдар кездесетін шикізатты шетелге шығармас бұрын отандық өңдеуші кәсіпорындарға ұсыну тәртібі қарастырылған.
Бірақ экономист мұндай шектеулердің өзі жаңа зауыттардың пайда болуына кепіл болмайтынын ескертеді.
«Ертең мыс концентратының экспортын толық шектесек те, оны өңдейтін қосымша зауыттар өздігінен пайда болмайды. Ол үшін инвестиция қажет», – дейді Құсайынов.
Бұл бағытта белгілі бір жобалар қолға алынып жатыр.
Мәселен, Балқашта жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіре алатын жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспарланған.
Мұндай кәсіпорындар дайын мыс шығарумен ғана шектелмейді. Заманауи технологияның көмегімен концентрат құрамындағы бағалы металдарды бөліп алуға, күкірт қышқылын және басқа да қосымша өнімдерді өндіруге болады.
Соның арқасында шикізаттан түсетін табыстың көбірек бөлігі Қазақстанда қалады.
Алайда жаңа зауыт салу үшін инвесторға мемлекеттің ниеті ғана жеткіліксіз.
Қаржы салатын компания кәсіпорын қандай шартпен жұмыс істейтінін, концентратты өңдеу ақысы қалай есептелетінін және жұмсаған миллиардтаған қаржысы қалай қайтатынын алдын ала білуі керек.
«Меніңше, Қазақстан үшін шикізат экспортын шектеуден гөрі, өзімізде оны өңдеуге қолайлы экономикалық жағдай жасау әлдеқайда маңызды», – дейді экономист.
Зауыттарды бюджет есебінен емес, инвестиция арқылы жаңарту ұсынылды
Айдархан Құсайынов мыс концентратын өңдеу тарифін анықтаудың жаңа әдістемесін қолдайтынын айтты.
Бұл жерде негізгі мәселе – кен өндіретін компаниялар мен металлургия зауыттарының өңдеу ақысына қалай келісетіні.
Әрине, екі тарап өзара келісім жасап, қызмет құнын белгілей алады. Бірақ бүгін келісілген баға ертең зауыттың барлық шығынын жабуға және өндірісті жаңартуға жеткілікті болмауы мүмкін.
Әсіресе әлемдік нарықта өңдеу ақысы нөлге түскен жағдайда бұл мәселе күрделене түседі.
«Кен өндірушілер мен металлургия зауыттары бағаға өздері келісе алады. Бірақ бүгін келісілген баға кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне және дамуына инвестиция салуына мүмкіндік береді деген сөз емес. Әлемдік нарықтағы өңдеу ақысының нөлге түсуі зауыттардың нақты шығыны да нөл болды дегенді білдірмейді», – дейді Құсайынов.
Сондықтан ол қазір талқыланып жатқан мыс концентратын өңдеу тарифін анықтау әдістемесін маңызды құрал деп санайды.
Экономистің түсіндіруінше, министрлік ұсынып отырған тәсілде зауыттардың шығынын мемлекеттік бюджеттен өтеп беру көзделмейді.
Оның орнына өндірістің нақты шығындарын, белгіленген мөлшердегі пайданы және инвестицияны ескеретін, экономикалық тұрғыдан негізделген тариф белгілеу ұсынылады.
Мұнда бір маңызды шарт бар: зауыт тарифке өндірісті жаңартуға жұмсалатын қаржыны енгізгісі келсе, оның қажеттігін дәлелдеуі тиіс.
«Зауытты жаңартуға кететін қаржыны тарифке қосқың келе ме? Онда шығыныңды негізде, нақты жобаңды ұсын және оның қандай нәтиже беретінін көрсет», – дейді экономист.
Яғни бұл тәсіл кәсіпорындарға жай ғана қосымша табыс беруді көздемейді. Мақсат – зауыттардың жұмысын жалғастырып қана қоймай, жаңаруына және өндіріс көлемін арттыруына жағдай жасау.
Құсайынов мұны ең алдымен инвестиция тартудың құралы ретінде қарастырады.
«Мен бұл әдістемені, ең алдымен, инвестициялық құрал деп есептеймін. Бізге жұмыс істеп тұрған металлургия кәсіпорындарын сақтап қалу ғана емес, оларды жаңартып, кеңейту мүмкіндігін де жасау қажет. Мұны мемлекеттік бюджеттен тұрақты көмек беру арқылы емес, жеке инвестиция есебінен жүзеге асырған дұрыс», – дейді ол.
Экономистің пікірінше, Қазақстан өз алдына екі мақсат қойып отыр: ескі зауыттарды жаңарту және жаңа өндіріс орындарын салу. Ал өңдеу ақысы тек әлемдік нарықтағы бүгінгі жағдайға тәуелді болса, мұндай ұзақ мерзімді жобаларға инвестиция тарту қиын.
Сондықтан тарифті белгілеу кезінде өндірістің нақты шығыны мен болашақтағы инвестицияның ескерілуі маңызды.
Қазақстанда мыстан дайын өнім шығаратын өндірістердің үлесі небәрі 5 пайыз
Айдархан Құсайыновтың айтуынша, отандық металлургияны дамытудың пайдасы тек дайын мыс көлемінің артуымен шектелмейді.
Бір мыс балқыту зауытының өзі айналасында бірнеше саланың дамуына жол аша алады.
Бір жағынан, зауытқа үнемі шикізат керек. Бұл кен өндіру, геологиялық барлау және кен байыту салаларына сұраныс туғызады.
Екінші жағынан, зауыттан шыққан металл жаңа өнім шығаратын кәсіпорындарға жол ашады.
Мәселен, мыстан катанка, кабель, сым, фольга, электр техникасына қажетті бөлшектер және басқа да өнімдер жасауға болады.
Алайда Қазақстанда мұндай өндірістердің үлесі әзірге өте төмен.
«Металлургия зауыты тұтас бір өндірістік тізбектің дамуына негіз болады. Ол бір жағынан кен өндіру, геологиялық барлау және кен байыту салаларын ынталандырады. Екінші жағынан, металды одан әрі өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етеді. Бұл – катанка, кабель, сым, фольга, электр техникалық және басқа да өнімдер өндірісі. Қазір Қазақстанда мұндай өндірістердің үлесі шамамен 5 пайыз ғана. Ал өнеркәсіпті дамыту мен инвестиция тартудың қосымша мүмкіндіктері дәл осы жерде жатыр», – дейді экономист.
Оның пікірінше, мыс концентратын шетелге сатып жібергеннен гөрі, оны ел ішінде өңдеп, одан әрі дайын өнім шығару әлдеқайда кең экономикалық мүмкіндік береді.
Өйткені дайын металл шығаратын зауыттың айналасында басқа салалар да дамиды.
Мәселен, металлургия кәсіпорындары көлік тасымалына, электр энергиясына, машина жасауға, жабдықтарды жөндеуге және түрлі қызмет көрсететін компанияларға сұраныс тудырады.
Сонымен бірге инженерлерге, технологтарға және өзге де білікті мамандарға жұмыс табылады.
Мұның әсері білім беру мекемелеріне, инфрақұрылымға және өндірісті қалалардың дамуына да тиеді.
Бір зауыт бірнеше ұрпаққа жұмыс бере алады
Экономист бұған Балқаш мыс қорыту зауытын мысалға келтірді.
1938 жылы іске қосылған кәсіпорынның жұмыс істеп келе жатқанына тоғыз онжылдыққа жуықтады.
Осы уақыт ішінде зауытта бірнеше ұрпақ еңбек етті. Кәсіпорын тұтас Балқаш қаласының экономикалық тіректерінің біріне айналды.
«Металлургияның дамуы жай ғана мыс өндірісінің өсуінен әлдеқайда үлкен нәтиже береді. Балқаш зауытын алайық. Ол 1938 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде онда бірнеше буын еңбек етті, ал кәсіпорын тұтас бір қаланың экономикалық негіздерінің біріне айналды», – дейді Құсайынов.
Сондықтан ол жаңа зауыт салу немесе ескісін жаңарту мәселесін тек салынған қаржының қанша жылда қайтатынымен бағалау дұрыс емес деп есептейді.
Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашады, бюджетке салық түсіреді, басқа өндірістердің дамуына ықпал етеді және елде білікті мамандар мен өндірістік тәжірибенің сақталуына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, өз металлургиясы бар Қазақстан шетелдік серіктестермен де басқа деңгейде жұмыс істей алады.
Өйткені шетелге мыс концентратын сатуды ұсыну бір бөлек, ал дайын металл мен одан жасалатын өнімдерді бірлесіп өндіру мүлде басқа мүмкіндік.
«Мен табысты тек қанша тонна мыс өндіргенімізбен өлшемес едім. Металлургияның айналасында қанша жаңа кәсіпорын ашылды, қанша жұмыс орны пайда болды және елімізде қандай жаңа технологиялар мен білікті мамандар қалыптасты – ең басты көрсеткіштер осылар болуы керек», – дейді экономист.
Осы себепті Айдархан Құсайынов металлургияға салынатын қаржыны қысқа мерзімде пайда табудың ғана жолы емес, елдің болашақ өнеркәсібіне салынған инвестиция деп бағалайды.
«Металлургияға салынған инвестиция бір экономикалық кезеңге ғана емес, алдағы бірнеше ұрпаққа арналған инвестиция», – деді Айдархан Құсайынов.