Министрдің айтуынша, бұған дейін мұғалімдер өз шағымдарына жауап алу үшін бірнеше ай күтіп, түрлі мемлекеттік мекемеге жүгінуге мәжбүр болған.
«Енді әр педагог 1472 нөміріне хабарласып, қажетті кеңес пен өз мәселесін шешуге көмек ала алады. Өтініштер педагогтердің құқықтарын сақтай отырып, құпия түрде қабылданады», – деді министр.
Арнайы желіге мектеп басшылығының қысымына қатысты ғана емес, жалақы есептеу кезіндегі келіспеушіліктер мен оқушылардың ата-аналарымен туындаған жанжалдар бойынша да хабарласуға болады.
Қазір байланыс орталығы сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Министрлік оның қызметін осы және келесі аптада тексермек.
Тоқаев мұғалімдерге қысым көрсетілетінін айтқан
Бұған дейін қазан айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының кейде мұғалімдерге дөрекілік танытып қана қоймай, қол көтеретін жағдайлар бар екенін айтқан еді.
Мемлекет басшысының сөзінше, мұндай оқиғалар кезінде мектеп әкімшілігінің өзі де педагогтерге қысым көрсетуі мүмкін.
Президент Оқу-ағарту министрлігіне осындай жағдайларды бақылауда ұстауды тапсырған. Сондай-ақ мұғалімдерді балалармен жұмыс істеуге кедергі келтіретін артық есептіліктен босатуды талап еткен.