Бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп, жолаушыларға ыңғайлы бағыттар мен тиімді транзиттік мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл – Қазақстан мен Қытай әуе компаниялары арасындағы алғашқы стратегиялық серіктестік. Бұған дейін екі тасымалдаушы код-шеринг жүйесі бойынша ынтымақтасып келген. Енді олардың әріптестігі жаңа деңгейге көтерілмек.
Жолаушылар үшін не өзгереді?
Жаңа келісім аясында Air Astana мен China Southern Airlines ұшу кестелерін өзара үйлестіріп, бірлескен рейстердің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сондай-ақ ортақ маркетингтік жобаларды жүзеге асырады.
Нәтижесінде жолаушылар үшін бір рейстен екіншісіне ауысып міну жеңілдеп, Қазақстан, Қытай және басқа елдердің қалаларына жету мүмкіндігі артады. Әуе компаниялары қызмет көрсету шарттарын да біріздендіруді жоспарлап отыр.
Қытайға қатынайтын рейстер 52 пайызға көбейген
Қазақстан көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, екі ел арасындағы әуе қатынасы қарқынды дамып келеді.
«2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны 52 пайызға артты. Қазір 21 бағыт бойынша аптасына 117 тұрақты рейс орындалады. 2026 жылдың басынан бері бір миллионнан астам жолаушы тасымалданды. Алдағы уақытта Қытаймен әуе бағыттарының санын 30-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр», – деді вице-министр.
Air Astana компаниясының серіктестік және альянстар жөніндегі вице-президенті Ричард Леджер Қытай нарығының қазақстандық тасымалдаушы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік әуе қатынасын дамытуға мүмкіндік береді.
China Southern Airlines-пен серіктестік екі компанияның бағыттар желісін тиімді пайдалануға, жолаушыларға көбірек таңдау ұсынуға және халықаралық сапарларды ыңғайлы етуге жол ашады.
Ал China Southern Airlines компаниясының атқарушы вице-президенті Цзэн Юнчао бұл келісімнің «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.
Қазір екі компания қай қалаларға ұшады?
Air Astana Астана мен Алматыдан Үрімжі, Бейжің, Гуанчжоу және Шанхай қалаларына рейстер орындайды. Сұраныс жоғары маусымда компания аптасына екі бағытты қоса есептегенде 36 тұрақты рейске дейін ұсынады.
Ал China Southern Airlines Үрімжі, Бейжің, Гуанчжоу және Сиань қалаларынан Астана мен Алматыға ұшады. Компанияның жоғары маусымдағы рейстер саны аптасына 29-ға дейін жетеді.
Жаңа стратегиялық серіктестік екі ел арасындағы туризмді, іскерлік сапарларды, білім алу мақсатындағы және отбасылық сапарларды дамытуға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арқылы үшінші елдерге сапарлайтын жолаушылар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Дегенмен келісім аясында нақты қандай жаңа бағыттар іске қосылатыны және өзгерістердің қашан күшіне енетіні әзірге жарияланған жоқ.