Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтай отырысында Қазақстанның 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Құжатта экономикалық өсім, инфляция, бюджет кірістері мен шығыстары, Ұлттық қордан берілетін трансферттер және алдағы үш жылдағы негізгі экономикалық көрсеткіштер қамтылған, деп хабарлайды kznews.kz
Болжам әлемдік экономикадағы жағдай мен сыртқы нарықтардың конъюнктурасын ескере отырып жасалған.
«Базалық нұсқаға сәйкес, 2027–2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5 пайыздан жоғары деңгейде болжануда», – деді Әмрин.
Мұнай бағасы 70 доллар деңгейінде алынды
Бірінші вице-министрдің айтуынша, халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға мұнай бағасына қатысты болжамдарын төмендеткен.
Халықаралық валюта қорының шілдеде жаңартылған болжамына сәйкес, 2027 жылы әлемдік экономика 3,4 пайызға өседі деп күтіледі. Ал мұнайдың орташа консенсус бағасы барреліне 70,3 долларға дейін төмендеген.
«Осыны ескере отырып, базалық нұсқада мұнай бағасы барреліне 70 АҚШ доллары деңгейінде алынды», – деді ол.
ЖІӨ 245 триллион теңгеге дейін өседі
Баяндамада номиналды жалпы ішкі өнімнің 2027 жылғы 199,3 триллион теңгеден 2029 жылы 245 триллион теңгеге дейін өсетіні болжанған.
Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны тау-кен өнеркәсібінен жоғары болады деп күтіледі.
Өсімге металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісі үлес қосады.
Ауыл шаруашылығы жыл сайын 5 пайызға өседі
Экономиканың негізгі өсім көздерінің бірі ауыл шаруашылығы болады.
«Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 пайызды құрайды», – деді бірінші вице-министр.
Құрылыс саласының да қарқыны жоғары болады деп болжанып отыр. Атап айтқанда, оның өсімі 2027 жылы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Бұл көлік-логистика, энергетика және су инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жобаларымен байланысты.
Қызмет көрсету саласы да өседі
Болжам бойынша, сауда саласы жыл сайын орта есеппен 5,7 пайызға, көлік және қоймалау 10,4 пайызға, ақпарат және байланыс 9,2 пайызға өседі.
Сонымен қатар Қазақстанда оң сауда балансы сақталады деп күтіледі. 2027 жылы тауар экспорты 82,8 млрд доллар, импорт 80,5 млрд доллар болады деп болжанған. 2029 жылға қарай экспорт 88,5 млрд долларға, импорт 88,4 млрд долларға дейін өсуі мүмкін.
Инфляция 6-9,5 пайыз аралығында болады
2027 жылы инфляцияның болжамды дәлізі 7,5-9,5 пайыз деңгейінде белгіленген. 2028-2029 жылдары инфляция 6-8 пайыз аралығында болады деп күтіледі.
Бюджет кірісі 19,9 триллион теңге болады
Әмрин 2027 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің болжамын да таныстырды. Оның айтуынша, 2027 жылы бюджет кірісі 19,9 триллион теңге болады. Бұл биылғы бағалаудан 2,8 триллион теңгеге көп.
Кірістердің өсуіне бірнеше фактор әсер етеді:
экономиканың өсуі – 1,6 трлн теңге;
қосылған құн салығын қайтару көлемінің төмендеуі – 1,1 трлн теңге;
басқа факторлар – 0,5 трлн теңге.
Салықтық түсімдердің ішінде ең үлкен үлесті қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығы алады.
Ұлттық қордан 2 триллион теңге алынады
Бірінші вице-министр Ұлттық қордан бюджетке нысаналы трансферттер көлемін де атады.
«Осыған байланысты аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт көзделді», – деді Әмрин.
Оның айтуынша, бұл қаражат әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салуға бағытталады.
Бюджет тапшылығы біртіндеп қысқарады
Республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы ЖІӨ-нің 2,3 пайызы деңгейінде болады деп болжанған. 2028 жылы бұл көрсеткіш 1 пайызға, ал 2029 жылы 0,4 пайызға дейін төмендейді.
Мұнайға қатысты емес тапшылық та кезең-кезеңімен қысқарады: 2027 жылы 5,3 пайыздан 2028 жылы 3,5 пайызға және 2029 жылы 2,5 пайызға дейін төмендейді.
Республикалық бюджет шығыстары қанша болады?
2027-2029 жылдары республикалық бюджет шығыстары мынадай көлемде жоспарланып отыр:
2027 жыл – 30,2 трлн теңге;
2028 жыл – 29,4 трлн теңге;
2029 жыл – 29,6 трлн теңге.
Баяндамада 2027-2029 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 109,2-109,4 пайыз деңгейінде тұрақтандырылатыны айтылды.
А.К. Әмриннің айтуынша, ұсынылған болжам әлемдік экономикадағы өзгерістер мен сыртқы нарықтағы жағдайды ескере отырып әзірленген.
«Сіздердің қарауларыңызға ұсынылып отырған еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджет және Ұлттық қордың болжамды параметрлерінің негізгі ережелері осындай», – деп қорытындылады бірінші вице-министр.