KZNEWS.KZ
Экономика

Қазақмыс тау-кен жабдықтарын жөндеуге 6,7 млрд теңге қарастырды

• Асқар Алтайұлы
Фото: t.me/kazakhmys_news

Жөнделген техниканың басым бөлігі Жезқазған өңіріне тиесілі. Мұнда 277 бірлік жабдық жөндеуден өтті. Қарағанды өңірінде 31, Балқаш өңірінде 38 бірлік техника жөнделді, деп хабарлайды kznews.kz.

Ағымдағы жөндеумен қатар, техниканың негізгі тораптары мен агрегаттарын қалпына келтіру және ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Қазірге дейін 193 торап бойынша жұмыс аяқталған. Жыл соңына дейін тағы 100-ге жуық торапты қалпына келтіру немесе ауыстыру жоспарланған.

Жөндеу бағдарламасы бұрғылау қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналарын, автосамосвалдарды және Caterpillar, Sandvik, Epiroc маркалы өзге де тау-кен техникасын қамтиды.

Кеніштерді қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету үшін қоймаларда 183 ірі габаритті шина қоры жасақталған. Орташа тұтыну көлемімен есептегенде, бұл шамамен 26 күнге жетеді. Қорды толықтыру мақсатында қосымша 943 шина жеткізуге тапсырыс берілген. Жеткізу белгіленген кесте бойынша жүріп жатыр.

Компания мәліметінше, бағдарлама техниканың сенімділігін арттырып, жоспардан тыс тоқтап қалу қаупін азайтуға бағытталған. Жыл соңына дейін қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізу және өндірістік бөлімшелерді қажетті бөлшектермен қамтамасыз ету жалғасады.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →