Әншінің айтуынша, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйғаруымен «Парасат» орденімен марапатталған. Мемлекеттік награданы оған Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин табыстаған.
Тоқтар Серіков Instagram парақшасында ерекше қуанышын бөлісіп, бұл марапатты өзіне көрсетілген үлкен құрмет деп бағалады.
«Құрметті қазақ елі! Республика күніне орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ұйғаруымен, Вице-Президент Ерлан Қарин мырзаның қолынан «Парасат» орденінің иегері болдым. Бірінші Аллаға разымын, осындай құрметке бөлеген. Екінші, әрқашан бізден ыстық ықыласын аямаған қазақ еліне разымын!» – деп жазды әнші.
Өнер иесі мұндай марапаттың өзі үшін үлкен жауапкершілік екенін жеткізіп, алдағы уақытта да ел игілігі үшін еңбек ететінін атап өтті.
«Өзімнің туған Отаныма әлі де талай қызмет жасаймын!» – деді Тоқтар Серіков.
Тоқтар Серіков кім?
Тоқтар Серіков – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші, дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген танымал орындаушылардың бірі. Ол көпшілікке ұлттық нақыштағы әндерімен және сахнадағы өнерімен танылған.
Өнер иесі жұбайы, әнші Бейбіт Сейдуәлиевамен бірге де көпшілік алдында өнер көрсетіп келеді. Шығармашылық жұп қазақ ән өнерін дәріптеп, түрлі мәдени іс-шараларға қатысып жүр.