KZNEWS.KZ
Қоғам

Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған Бекет Мырзағалиев әскери борышын аяқтады

• Айгерім Асылова
Фото: ашық дереккөз

Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан аман қалған атыраулық сарбаз Бекет Мырзағалиев әскери борышын аяқтап, туған жеріне оралды, деп хабарлайды kznews.kz

Сарбазды сағынған жақындары оны құшақ жая қарсы алып, аман-есен оралғанына қуанып, көз жасына ерік берді. 

Бекет Ақтау қаласындағы №29011 әскери бөлімінде қызмет атқарған. Қыркүйек айында Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қатысуымен болған қайғылы оқиға кезінде ол аман қалған сарбаздардың бірі болды. Анасының айтуынша, Бекет медициналық мекемеге жатқызылмаған және жағалауға өз күшімен жеткен.

Кейін әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Бекет мемлекеттік "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған еді.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалды.

Медициналық мекеменің мәліметінше, оқиға болған күні, 24 қыркүйекте ауруханаға бір әскери қызметкер Ақжол Темерхан жеткізілген. Ал Никита Удалов пен Бекет Қуандық 26 қыркүйекте ауруханаға түскен.

Оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалып, қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды қызметкері күдікті ретінде ұсталды. 26 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Ал 27 қыркүйекте Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →