Аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақжол Темерхан медициналық мекемеге оқиға болған күні – 24 қыркүйекте жеткізілген. Ал Никита Удалов пен Бекет Қуандық 26 қыркүйекте ауруханаға түскен.
Қазіргі уақытта үш әскери қызметші де терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалаған.
Сарбаздардың есі анық, өздігінен жүріп-тұра алады. Сондай-ақ олардың денсаулығына қатысты шағымы жоқ екені хабарланды.
Үшеуі де мамандардың динамикалық бақылауында.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, қатты жел соққан. Соның салдарынан 17 әскери қызметші суға кеткен. Үш сарбаз аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты.