Қазақстандық Талғат Құлманов әлеуметтік желіде ұлы Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапты деген ақпаратты жоққа шығарды.
Бұған дейін желіде әке мен баланың бейнеқоңырау арқылы сөйлескен видеосы тараған. Кейбір қолданушылар бұл жазбаны Каспийдегі қайғылы оқиғаға дейінгі олардың соңғы әңгімесі деп сипаттаған.
Алайда видеодағы әңгіме 9 қыркүйекте болған. 25 қыркүйекте Талғат Құлманов ұлының тірі екенін және әскери қызметін жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
"Құрметті әлеуметтік желі пайдаланушылары! Ақтауда болған оқиға бойынша қаза тапқандар арасында менің балам бар, бұл оның соңғы видеосы деген жалған ақпарат тарап жатыр. Осы ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын. Ұлым курсант, қазір өз қызметін атқарып жатыр", - деді Құлманов.
Ол сондай-ақ Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Туған-туыстары мен жақындары үшін осынау ауыр сәтте шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қайғылы жағдай барша қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Бізге, әскери қызметшілерге де оңай емес. Сондықтан жалған ақпарат таратпауды сұраймын", - деп үндеу жасады Талғат Құлманов.