Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуына қатысты тергеу барысында сегіз жоғары лауазымды әскери қызметкер қамауға алынды. Олардың арасында Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы да бар.
Бас прокуратураның хабарлауынша, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ауқымды тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдарының өндірісінде.
Бүгінге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген.
Тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары, жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары және екі әскери бөлімнің командирлері бар. Сондай-ақ теңіз жаяу әскері батальонының командирі, рота командирі және катер капитаны қамауға алынған.
Құқық қорғау органдары күдіктілердің әрқайсысының қайғылы оқиғаға қатысын анықтап жатыр.
Бас прокуратура істің тергелу барысы ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.
"Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді", – делінген ресми хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, алдағы уақытта тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге деректері әзірге жарияланбайды.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болған.
Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы кенеттен нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жүрген 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында үш әскери қызметші аман құтқарылды. Өкінішке қарай, қалған 14 адамның қаза тапқаны анықталды.