Ведомствоның редакция сауалына берген жауабына сәйкес, тірі қалған үшінші әскери қызметші – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Никита Удалов.
Министрлік мәліметінше, қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Денсаулық жағдайы жақсы деп бағаланып отыр.
Бұған дейін Каспийдегі оқиғадан тағы екі әскери қызметшінің аман қалғаны белгілі болған. Олар – Атырау облысының тұрғыны Бекет Қуандық пен Маңғыстау облысының тұрғыны Ақжол Темірхан.
Оқиғадан кейін Ақжол Темірхан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Келесі күні ол есін жиып, жағдайы тұрақтанған.
Ал Бекет Қуандық та дәрігерлердің бақылауында болған. Бұған дейін оның ата-анасы сарбаздың ауруханаға жатқызылмағанын, өзін жақсы сезінетінін және өздігінен жүріп-тұра алатынын айтқан.