Кашмир дауы. Үндістан Пәкістанға соққы жасады

Үндістан Пәкістанға және пәкістандық билік бақылауындағы Кашмир аудандарына соққы жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kznews.kz порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл оқиға Делидің Пәкістанды Үндістан бақылауындағы Кашмирде туристерге жасалған шабуылға қатысы бар содырларды қолдады деп айыптауынан екі апта өткен соң орын алды. Сол шабуыл кезінде 26 адам қаза тапқан болатын. Пәкістан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарды.
«Үнді қарулы күштері “Синдур” операциясын бастап, Үндістанға қарсы лаңкестік шабуылдар жоспарлап, ұйымдастырған Пәкістан және Джамму мен Кашмирдегі лаңкестік инфрақұрылымдарға соққы берді», — делінген мәлімдемеде.
Үнді билігі зымыран соққылары лаңкестердің тоғыз нысананын жойды деп мәлімдесе, Пәкістан билігі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Reuters агенттігі үнді әскери топтарындағы аты-жөні көрсетілмеген дереккөзге сілтеме жасап, зымыран соққылары исламшыл топтардың базаларына бағытталғанын хабарлады.
Ал Пәкістан әскері соққылар лаңкестерге емес, бейбіт тұрғындар тұратын аудандарға жасалғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, үнді ұшақтары зымырандарды өз әуе кеңістігінен ұшырған.
Пәкістан әскерінің баспасөз қызметі Үндістанның соққылары салдарынан сегіз адамның қаза тапқанын, 35 адамның жараланғанын және екі адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Бұған дейін Пәкістан әскерінің ресми өкілі Ахмед Шариф BBC-ге берген сұхбатында қаза тапқандардың ішінде екі баланың барын айтқан. Шарифтің айтуынша, соққылардың бірі мешітке тиген.
Пәкістан премьер-министрі Миан Мұхаммад Шахбаз Шариф Үндістанға жауап беретінін мәлімдеді.
«Дұшпан Пәкістанның бес жеріне соққы жасады. Пәкістан толыққанды жауап қайтаруға құқылы және бұл жауап қайтарылып жатыр», — деді ол.
Кейін, сәрсенбіге қараған түні Пәкістан әскерінің баспасөз қызметі Үндістан алты нысанаға әртүрлі қарулармен 24 бөлек соққы жасағанын нақтылады.
Пәкістан әскери өкілінің айтуынша, Исламабад қажетті уақытта және қажетті жерде жауап береді.
«Әуе күштеріміздің барлық истребительдері әуеге көтерілді. Бұл — Үндістан аумағынан жасалған масқара шабуыл», — деді ол.
Үнді тарапының хабарлауынша, Пәкістан әскері Кашмирдегі шекара сызығында артиллериялық атыс бастаған.
Кейінірек Пәкістан әскерінің баспасөз хатшысы Пәкістан Үндістанның бес әскери ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді. Оның ішінде үш Rafale француз жойғышы және екі кеңестік-ресейлік Су-30МКИ мен МиГ-29 ұшақтары бар. Бұл ақпаратқа қатысты Үндістан тарапы ешқандай пікір білдірмеді.
Сонымен қатар, Пәкістан әскері Үндістанның бір бригадасының штабын жойғанын хабарлады.
Қауіпсіздік мақсатында Үндістан шекара маңындағы барлық оқу орындарын жапты. Пәкістан да Исламабад пен шекараға жақын басқа өңірлерде мектептерді жапқан.