Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді. Оның айтуынша, комиссия тиісті қаулы әзірлеген, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, мәслихат депутаттары халықтың тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.
Алдағы саяси науқан аясында еліміздегі 228 мәслихатқа 3 447 депутатты сайлау көзделген. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат және 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.
Бұған дейін, 12 қазанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған болатын.
Құжатқа сәйкес, Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс сайлауды тағайындау, сондай-ақ оны дайындау мен өткізуге қатысты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Президент мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар өткізді. Ал 24 қыркүйекте Халық кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жариялаған еді. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл шешім мәслихаттардың кәсіби әрі білікті құрамын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, олардың жұмысына жаңа серпін береді.