KZNEWS.KZ
Қоғам

Қарсақбай мыс балқыту зауыты: тарихқа толы 98 жыл, еңбек пен дәстүр сабақтастығы

• Айгерім Асылова
Фото: ашық дереккөз

Осылайша Қарсақбай Қазақстандағы түсті металлургияның қара шаңырағына және тұңғыш өндіріс ошағына айналды, деп хабарлайды kznews.kz

Қарсақбайдың қойнауы мыс кеніне бай екені XIX ғасырда белгілі болған. 1847 жылы орыс көпесі Никон Ушаков жер иесі Бабыр Бөкеншіұлы мен Шияқ Таңсыбергеновтан кен орнын сатып алып, мыс өндіруге кіріскен. 1909 жылы  Н. Ушаков кен орын ағылшындарға 260 мың рубльге сатқан.

Үш жылдан кейін кен орнының жаңа иелері Қарсақбайда мыс балқыту зауытын және байыту фабрикасын салу туралы шешім қабылдаған. Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азаматтық соғыс олардың жоспарына кедергі келтірген. Ал Қазан төңкерісі ағылшын акционерлерін кен орнын біржола тастап кетуге мәжбүрлеген.

Кейін Кеңес үкіметі Қарсақбай мыс балқыту зауытын мемлекеттің меншігіне алып, 1925 жылы 10 маусымда «Атбасартүстімет» тресін құрды. Кен байыту бөлімшесін, балқыту цехын іске қосты. Сол кезде «Атбасартүстімет» тресінде инженер-геолог, бас геолог және Қарсақбай комбинаты жанынан құрылған геологиялық барлау бөлімінің басшысы болған геолог-ғалым  Қаныш Сәтбаев:  «Қарсақбай – Үлкен Жезқазғанға апаратын сара жолдың алғашқы баспалдағы ғана, ал Жезқазған-Ұлытау өңірі кешікпей Сарыарқа төсіндегі белді индустриялы өлкеге айналады», – деген.

1928 жылғы 16 қазанда Қарсақбай мыс зауытының балқыту пеші қыздыруға қойылды. Ал 19 қазан күні сағат 23.00-де Кеңес Одағында сапасы жағынан ең үздік болған алғашқы мыс балқымасы алынды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында зауыт майдан даласына көмек көрсетті. Әрбір 4-ші оқ пен 32 мың минаның корпусы Қарсақбай мыс балқыту зауытында құйылды.

1958 жылы 16 шілдеде Жезқазған кен басқармасы мен Қарсақбай мыс балқыту  зауытының базасында Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылды.

Қарсақбай мыс балқыту зауыты осында жұмыс істейтін еңбек әулеттерін мақтан тұтады. Ел ағасы атанған Қадыр Мәткенов зауытты 33 жыл абыроймен басқарды. Қазір Қадыр Мәткеновтың ұлы, таяуда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына қабылданған Мұрат Мәткенов әке жолын жалғап, Қарсақпай металлургиялық зауытын басқарып отыр. Ал оның ұлы, Мәткеновтер әулетінің үшінші буыны Әнуар Мәткенов те Қарсақбай мыс балқыту зауытында еңбек етіп жатыр.

Қазіргі уақытта кәсіпорында 4 цех жұмыс істейді. Қарсақбай металлургтері жыл сайын 190 тоннаға жуық өнім өндіреді. Мұнда шойыннан жасалған бұйымдардың 45 түрі жасалады.

Қарсақбай металлургиялық зауыты жабдықтарының басым бөлігін осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын ағылшындар әкелген қондырғылар құрайды.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кәсіпорын ұжымына және өндіріс ардагерлеріне көпжылдық еңбегі мен Жезқазған өңірінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →