KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды": Руслан Өтепбай белгілі заңгердің қазасына қайғырды

• Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Журналист Instagram парақшасында Ғабит Өмірбекпен бірге атқарған жұмыстары мен оның адамгершілік қасиеттерін еске алды. Руслан Өтепбайдың айтуынша, марқұм «Көреміз» бағдарламасының тұрақты сарапшысы ретінде көптеген жәбірленушінің құқығын қорғауға атсалысқан.

«Әділдік жолында еңбек еткен заңгер өмірден өтті… Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Белгілі заңгер Ғабит Өмірбек дүниеден өтті», – деп жазды журналист.

Руслан Өтепбай заңгердің кәсіби қызметімен қатар, көмекке мұқтаж жандарға жанашырлық танытып, әділдік іздеген азаматтарға қолдау көрсеткенін атап өтті.

«Қаншама тағдырға араша түсіп, қаншама адамның алғысын алды»

Журналист марқұмның өз ісіне адал болғанын, қиын жағдайға тап болған адамдардың мәселесіне бейжай қарамағанын жеткізді.

«Ғабит бауырым мен жүргізген «Көреміз» бағдарламасының тұрақты сарапшысы болып, талай жәбірленушінің құқығын қорғауға, әділдік іздеген жандарға қол ұшын созуға атсалысты. Қаншама тағдырға араша түсіп, қаншама адамның алғысын алды. Заңгер ғана емес, адамгершілігі мол, әділдікті ту еткен азамат еді», – деді Руслан Өтепбай.

Оның сөзінше, Ғабит Өмірбек заң саласындағы білімі мен тәжірибесін азаматтардың құқығын қорғауға жұмсаған.

Журналист әріптесімен бірге атқарған еңбегі мен жақсы қасиеттерінің ұмытылмайтынын айтып, марқұмға арнап жүрекжарды сөздерін жеткізді.

«Ғабит бауырым, бірге атқарған еңбегіңіз бен жақсылығыңыз жадымызда мәңгі сақталады. Жаныңыз жәннатта, иманыңыз жолдас болсын! Жақындары мен отбасына қайғыра көңіл айтамын», – деп жазды ол.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →