Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили түрмедегі жағдайына қатысты мәлімдеме жасап, қамауда отырғанына бес жылға жуық уақыт болғанын айтты. Бұл туралы ол өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
Саясаткердің сөзінше, ол Рустави қаласындағы түзеу мекемесінде шағын әрі қараңғы, желдету жүйесі нашар, тарақан қаптаған жалғыз адамдық камерада отыр. Сонымен қатар камерада қалыпты дәретхананың орнына қарапайым санитарлық құрылғы ғана бар екенін айтып, мұндай жағдайда өзімен бірге басқа да саяси тұтқындардың отырғанын мәлімдеді.
Михаил Саакашвили 1 қазанда қамауда отырғанына бес жыл толатынын атап өтіп, халықаралық құқық нормалары бойынша адамды ұзақ уақыт жалғыз камерада ұстау азаптаумен және адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынаспен теңестірілетінін айтты.
Бұрынғы президенттің айтуынша, түрме Руставидегі цемент зауытының маңында орналасқан. Соның салдарынан өндірістен шығатын шаң камераға дейін жетіп, тыныс алуды қиындатады.
Сондай-ақ Саакашвили өзіне қатысты бірқатар шектеулер қолданылып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, басқа сотталғандардың басым бөлігі телефонмен сөйлесе алатын болса, өзіне мұндай мүмкіндік ұзақ уақыт берілмеген. Тек жуырда ғана жұбайы Алисамен аптасына бірнеше минут сөйлесуге рұқсат етілген.
Бұған қоса, саясаткер Украинаның консулымен кездесуіне, украиналық басылымдар мен бейнематериалдарды алуына рұқсат берілмейтінін мәлімдеді. Сонымен бірге адвокаттарына балалары мен немересінің фотосуреттерін жеткізуге де тыйым салынғанын айтты.
Михаил Саакашвили мұндай қарым-қатынасты әскери тұтқындарға көрсетілетін жағдаймен салыстырып, бұл әрекеттердің барлығы өзіне психологиялық қысым жасап, рухын түсіруге бағытталғанын алға тартты.
Еске салсақ, Михаил Саакашвили 2004–2013 жылдары Грузия президенті қызметін атқарды. Президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін елден кеткен саясаткерге бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сырттай түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалған.
2021 жылдың қазан айында Саакашвили Украинадан Грузияға жасырын келгеннен кейін ұсталып, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деген айыппен қамауға алынды. Кейін, 2025 жылдың наурызында осы іс бойынша 4,5 жылға сотталды. Кейіннен бұл жаза бұрын шығарылған үкімдермен біріктіріліп, жалпы бас бостандығынан айыру мерзімі 12 жыл 6 ай болып белгіленді.