Абай облысының Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназ Сабыржанқызының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Марқұмның әкесі қызының денесінен бірнеше пышақ жарақаты анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 13 шілдеде болған. Қыздың әкесінің айтуынша, Дильназ бұрынғы жігітімен жанжалдасып қалған. Артынша күдікті оның соңынан барып, пышақ қолданған.
Тергеу эксперименті кезінде күдікті қаруды Дильназды қорқыту үшін шығарғанын айтқан. Оның түсіндіруінше, сол сәтте қыздың мойны жараланған. Алайда қыз жерге құлағаннан кейін де оған бірнеше рет пышақ сұққаны туралы дерек бар.
Марқұмның әкесі жүргізілген сараптама нәтижелеріне сүйеніп, Дильназдың денесінен 12 пышақ жарақатыанықталғанын айтты. Бұдан бөлек, қыздың басынан ауыр жарақат алғаны белгілі болған.
Осыған байланысты Дильназдың отбасы істің құқықтық саралануына қатысты сұрақ қойып отыр. Туыстары тергеу барысында барлық мән-жай толық анықталғаннан кейін қылмысты аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде бағалайды деп күткен.
Алайда отбасының айтуынша, әзірге қылмыстық істің бабы өзгертілмеген. Сондықтан марқұмның жақындары құқық қорғау органдарынан істің не себепті осы санатта қаралып жатқанын түсіндіруді сұрап отыр.
Қазір Дильназдың өліміне қатысты тергеу жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті құқықтық баға сараптамалар мен тергеу нәтижелерінен кейін беріледі.