"Қазатомөнеркәсіп" басқармасының мүшесі Қуаныш Омарбеков ұсталды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
askar.altai@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдер мен тақпақтар топтамасы

Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдер мен тақпақтар топтамасы
Қазақстан туы. Фото: Алматы әкімдігі

16 желтоқсан – Қазақстанның Тәуелсіздік күні. Бұл мереке қарсаңында балабақшаларда, мектептерде және түрлі білім беру ұйымдарында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Осыған орай балаларға жаттауға жеңіл, мағынасы терең, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдер мен тақпақтарды ұсынамыз.

2026 жылы Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. 1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Содан бері бұл күн ел тарихындағы ең маңызды мерекелердің біріне айналды.

Тәуелсіздік күніне арналған тақпақтар балалардың туған жерге, мемлекеттік рәміздерге және ел тарихына деген құрметін қалыптастыруға көмектеседі. Төменде балабақша тәрбиеленушілеріне, бастауыш сынып оқушыларына және жоғары сынып оқушыларына арналған түрлі өлеңдер топтастырылды.

Балабақша балаларына арналған қысқа тақпақтар

Тәуелсіздік таңдары,
Жарқырайды шамдары.
Қазақстаным, Отаным,
Бақытты елдің балалары.

***

Отаным – алтын бесігім,
Жүрегімде тербетем.
Қазақстаным – кең елім,
Мақтанышпен жыр етем.

***

Атамекен – туған жер,
Бізге бақыт сыйлаған.
Тәуелсіздік күнімен,
Жүрегіміз қуанған.

***

Елім менің егемен,
Бақытты өмір сүрем мен.
Тәуелсіздік күнімен,
Қуанышқа бөленем.

1-4-сынып оқушыларына арналған Тәуелсіздік күні туралы өлеңдер

Тәуелсіздік – бақытым,
Жарқын менің уақытым.
Еркін өскен ұланмын,
Биік менің талабым.

***

Жасай бер елім, қазағым,
Еселеніп ғажабың!
Отыз бес жыл құтты боп,
Кіре берсін ажарың!

***

Отан деген – атамекен.
Отанымды сүйемін мен.
Отан жерім, Отан елім
Міне, менің қазақ жерім.  

***

Жанды тербер қашан да,
Тәуелсіздік болсын тек.
Азаттығым мәңгі боп,
Шаттанайық күлімдеп.

Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдер

Қалқаман Сарин. Тәуелсіздік 

Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!

Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!

Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?

Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!

***

Мұхтар Шаханов. Желтоқсан алаңы 

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.

Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға алакөк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.

Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.

Жоқ!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылған тары боп.

Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сені бақыт, не сор іздеп табады.

..Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас. Оны да еске салады
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.

***
Ақберен Елгезек. Заңдылық

Бар әлемге сәуле шашса ғажап Күн,  
Жаңа тыныс алып келер таң күліп.  
Олай болса, алтын жүрек Қазақтың, 
Таңбасынан Күн шығуы заңдылық! 

Жарып шығып тас түнегін азаптың,  
Шаңырақтан нұр сауласа, таң болып.  
Әз-дүниеге ғашық болған Қазақтың,  
Киіз үйді сүюі де заңдылық!  

Арасынан соғыс пенен таластың,  
Жеңімпаз боп шығатұғын паң болып.  
Тұлпар мінез, сұңқар болмыс, Алаштың,  
Пырақтарын пір тұтуы заңдылық! 

Ой найзасын жарқылдатса жасын қып,
Бір түйір сөз жарқырайтын шам болып.  
Үйлесімді табиғатқа ғашық ұлт, 
Гүлді өрнекті сүюі де заңдылық! 

Киесіндей бақыт пенен азаттың,  
Төбесінде жайнап тұрса сам тұнып.  
Тәңірісін сүйетұғын қазақтың,  
Зеңгір көкті сүюі де заңдылық! 

Күнді күткен мекен етіп таң астын,  
Көкейінде «дербес!» сөзі жаңғырып. 
Періштеге ғашық болған Алаштың,  
Қыран құсты сүюі де заңдылық! 

Шаһарларын абат қылып, жасыл қып,  
Келешекке көш түзеген мәңгілік.  
Көктегенді көксеп жүрген асыл ұлт,  
Аспан түсін таңдағаны заңдылық! 

Құрсауында мың бұлқынып тозақтың,  
Бас алаңды желтоқсанда қан қылып.  
Жамандыққа жаны бөтен қазақтың,  
Аман қалып, өсуі де заңдылық! 

Алты құрлық, сан көршіммен жарастым, 
Бәрі маған бас шайқайды таң қалып.  
Жеңімпаздық тарихы да Алаштың,  
Қайталанып келуі де заңдылық!  

Автор
Қайсар Қанат

Журналист. Блогер. Фрилансер