Банктерде 52 триллион теңге бар: Тоқаев бұл қаржы енді экономикаға жұмыс істеуі керек деп санайды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жабылған мектеп, кеміген инвестиция, көбейген трансферт: Ғауез Нұрмұхамбетов басқаратын облыстың боямасыз бейнесі қандай?

Жабылған мектеп,  кеміген инвестиция, көбейген трансферт: Ғауез Нұрмұхамбетов басқаратын облыстың боямасыз бейнесі қандай?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Солтүстік Қазақстан облысына биыл республикалық бюджеттен 333,98 млрд теңге субвенция қарастырылған екен. Бұл цифр аймақтың экономикалық тұрғыдан дамуы орталыққа әлі де тәуелді екенін білдіреді. Яғни, өңірде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өсіп жатыр деп айтылғанымен, халық санының кемуі, инвестиция қарқынының баяулауы және нақты жалақының төмендеуі экономикалық дамудың сапасына қатысты бірқатар сұрақ туғызады.

Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда Солтүстік Қазақстан облысы бюджетінің 90 пайызға жуығын трансферттер құрайды екен. Облыстық мәслихаттың биылғы 2-қазандағы шешімімен нақтыланған бюджетте кірістер 433,05 млрд теңге, шығыстар 439,55 млрд теңге болып бекітіліпті. Ал трансферттер түсімі 391,44 млрд теңгені құрайды. Демек, трансферттердің үлесі жалпы кірістердің шамамен 90,4 пайызына тең. Бұл көрсеткішке субвенциямен қатар басқа да трансферттер кіретінін ескерген жөн.

Демек, республикалық бюджеттен берілетін 333,98 млрд теңге субвенцияның өзі облыс экономикасының қаржылық дербестігіне қатысты күмәнді алға шығарады. Әлбетте, мұндай қолдау өңірдің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға және инфрақұрылымды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Алайда, ұзақ мерзімді перспективада жергілікті кіріс көздерін кеңейтудің маңызды екенін мамандар жақсы білсе керек-ті.

Аймақтың дамуын талдай түссек, өндірістің өсуі мен инвестиция көлемінің азайғанын байқауға болады. Әрине, бұл өте парадоксты жағдай. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы қаңтар мен қыркүйек айларында облыстың өнеркәсіп өндірісі 718,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі де 697,1 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 110,6 пайыз болды. Бірақ, инвестиция көрсеткіші әлдеқайда баяу өсіп отырғаны байқалады. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестиция 392,3 млрд теңгені құрап, бір жылда небәрі 2,9 пайызға артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі де өткен жылдың сәйкес кезеңінің 98 пайызы деңгейінде тұрақтапты. Бұл деректер өндірістегі нақты өсімнің инвестициялық белсенділікпен салыстыруға келмейтінін және дәл сондай қарқынмен жүрмей отырғанын көрсетеді. Дегенмен, инвестицияның нақты тиімділігін бағалау үшін оның салалық құрылымын, жаңа жұмыс орындарының санын және кәсіпорындардың бюджетке төлеген салықтарын бөлек қарастыру қажеттігі туады. Мұның жауабын бір білсе, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың есепке жүйрік мамандары беретіні анық.

Бірақ, бізді одан гөрі аймақтағы экономикалық өсімнің жергілікті халықтың тұрмысына қаншалықты оң әсер етіп отырғаны қызықтырады.

Бұл тұрғыда бірнеше бағытты мысалға алуға тиіспіз. Мысалы, өңірдің демографиялық ахуалы мейлінше назар аудартады. Дерекке қарасақ, биылғы 1-қыркүйекте облыс халқының саны 510,8 мың адам болды. Статистикалық есеп қаңтар - тамыз айлары арасындағы табиғи кему 1 102 адамға жетіп, көші-қон сальдосы минус 2 274 адамды құрағанын көрсетеді. Яғни, туғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2 пайызға азайған. Бұл жағдай өңірдегі адам капиталына ғана емес, бюджет саясатына да тікелей қатысты. Өйткені, халық санының азаюы еңбек ресурстарына, ауылдардағы мектептер мен әлеуметтік нысандардың жүктемесіне, жергілікті кәсіпкерлікке және болашақ салық базасына да әсер етуі мүмкін.

Екіншіден, еңбек нарығындағы жағдай да біржақты емес. Осы жылғы екінші тоқсанда орташа айлық атаулы жалақы 363 123 теңге болғанымен, нақты жалақы индексі 96,6 пайызды құрапты. Яғни, атаулы жалақы өскенімен, инфляцияны есепке алғандағы сатып алу қабілеті бір жыл бұрынғы деңгейден төмендеген.

Бұл жерде аймақтағы жұмыссыздық туралы да айту ләзім. Және ашық дереккөздердегі мәліметтерде қайшылық бары байқалады. Осы жылғы екінші тоқсанның ресми статистикасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында нақты жұмыссыздар саны 11,1 мың адам деп көрсетілген. Ал 1-қазандағы жағдай бойынша мансап орталықтарында 5 237 адам ғана ресми тіркелгені айтылады. Есесіне, жылдың сегіз айында жұмыспен қамту органдарының көмегімен 15 009 адам жұмысқа орналастырылып, 7 660 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылғаны туралы ресми хабарланған.

Әрине, әлеуметтік жағдай туралы сөз қозғағанда Солтүстік Қазақстан облысының өзіндік ерекшелігін ескеруіміз керек. Яғни, аймақта ауыл халқының үлесі жоғары. 1-қыркүйектегі дерек бойынша облыс тұрғындарының 49,5 пайызы ауылдық жерде тұрады екен. Ал ауылдық жерлердегі мәселенің қала маңына қарағанда күрделі екенін білеміз. Өйткені, ауылдардағы ауыз су, жол, жарық жағдайы әлі күнге дейін сын көтермейді. Әрі бұған ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аудандардағы табыс пен түсімнің төмендігін қосыңыз. Кей жағдайда Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның командасының жұмысын саралай келе, облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін ақтап алуға шақ қаласың...

Бірақ, өңір басшылығының жұмысын жол жөндеу, ауызсу жүйелері, мектептер мен медициналық нысандардың жағдайы арқылы ғана бағалау әділетті болмас еді. Өйткені, мұның бәрі нақты жоспарланған жұмыс міндеті екені анық. Және бұған жұмсалатын бюджет шығыстары да аз емес. Мысалы, әкімдік жариялаған есепте 2025 жылы ауызсу жүйелерін дамытуға 74 млрд теңге бағытталғаны айтылған. Сонымен бірге 2025 жылдың ортасындағы ресми ақпаратта облыстағы 88 ауылда тұрақты сумен жабдықтау мәселесі әлі де сақталып отырғаны көрсетілген.

Айтпақшы, аймақтың әлеуметтік картинасының ала-құла болуына бірінші кезекте демографиялық ахуал әсер етіп отырғанға ұқсайды. Яғни, облыстағы адам санының кемуі экономикалық белсенділіктің төмендеуіне әкеліп отыр. Мұны өңірде мектептердің жабылуы туралы деректерден көреміз. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 2024–2025 оқу жылында 21 мектеп жабылған көрінеді. Оның ішінде 2024 жылы жабылған 14 мектептің бесеуі, ал 2025 жылы жабылған 7 мектептің екеуі қазақ тілінде оқытатын білім ошақтары болған. Демек, екі жылда қазақ тілінде білім берген 7 мектеп жабылып қалып отыр. 

Жалпы, Ресеймен шекаралас аймақтағы этносаралық мәселе туралы бөлек тақырыпта айтқан дұрыс сияқты. Шекара демекші, өткен қаңтар мен тамыз айларында көрші Ресей Қазақстанның жалпы импортының 31 пайызын қамтамасыз еткенін білеміз. Ал аймақ бойынша көрші елдің өңірлік импорттағы үлесі 62 пайызға жеткен. Бұл облыстың Ресеймен сауда байланысың тығыз екенін көрсетеді. 

Тоқетерін айтқанда, қазір қолда бар деректер облыстың республикалық трансферттерге тәуелді екенін нақты дәлелдейді. Ал республикалық бюджеттен берілетін 333,98 млрд теңге субвенцияның өзі облыс экономикасының қаржылық дербестігіне қатысты күмәнді қоюлата түседі. Демек, аймақ басшысы мен оның командасына қарата өткір сұрақтардың қойылатыны заңды. Жалпы, Ғауез Нұрмұхамбетов 2023 жылғы 23 қыркүйектен бері Солтүстік Қазақстан облысын басқарып келеді. Ал біз осы кезеңдегі өңірдің әлеуметтік-экономикалық картинасын боямасыз беруге тырыстық...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.