KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Қайрат Нұртастың концертінде зардап шеккен 18 жастағы қыз әлі есін жимаған

• Қайсар Қанат
Фото: 24KZ / ЖИ

Жетінші арнаның хабарлауынша, бойжеткеннің жүрегі мен миы зақымданған. Ол әлі есін жимаған.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерт кезінде сегіз адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлаған. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберіліп, 18 жастағы қыз ауруханаға жеткізілген.

Бұдан бөлек, телеарна мәліметінше, қыз ес-түссіз жатқан кезде оның ұялы телефоны мен құжаттары жоғалған. Бұл жайтты полиция тексеріп жатыр.

Зардап шеккен бойжеткеннің туыстары әзірге сұхбат беруден бас тартқан.

Оқиғаға байланысты полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Концертті ұйымдастырушылардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →