Өзіміздің өндіріс шикізат шынжырын үзе ала ма?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«Ішімдікке салынып, қылмыстық топпен сөз байласты»: жылқышы Рахат Сәрсеновтің бұрынғы жұмыс берушісі мәлімдеме жасады

«Ішімдікке салынып, қылмыстық топпен сөз байласты»: жылқышы Рахат Сәрсеновтің бұрынғы жұмыс берушісі мәлімдеме жасады
Фото: видеодан алынды

Ақтөбеде 100 жылқының жоғалуына қатысты айыпталып, кейін сотта ақталған жылқышы Рахат Сәрсенбайдың бұрынғы жұмыс берушісі Тәжіғали Елеуов оқиғаға қатысты өз нұсқасын жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, Рахат Сәрсенбай бұған дейін ішімдікке салынып, қылмыстық топпен сөз байласып, жылқыларды сатып жібермек болған. Сондай-ақ кәсіпкер жылқышының жылдар бойы шаруашылық есебінен күн көріп, 40 жас мерейтойын өткізіп, балаларын үйлендіргенін айтады. 

«Кешеден бері менің атыма қатысты туындаған дауға байланысты өз пікірімді білдіргім келеді. Мен мал шаруашылығымен айналыса бастағанда Рахат Сәрсеновті малшы ретінде жұмысқа қабылдадым. Бірнеше жыл бірге еңбек еттік, сол уақыт ішінде түрлі жағдайларды бастан өткердік. Мен оның ішімдікке әуестігіне де, 5-6 бас жылқының жоғалуына да мән бермедім. Алайда соңғы жағдайда ірі көлемде мал жоғалып, оның айналасында қылмыстық топ болғаны анықталды. Топ мүшелерінің бірі менің жылқымды сатып жатқан жерінде ұсталып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Меніңше, сол кезде Рахат Сәрсенов қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кеткен. Сондықтан жоғалған мал үшін жауапты адамнан өтем талап етуім заңды деп есептеймін. Бұған Сәрсеновті кінәлі деп таныған сот үкімі дәлел болады. Өкінішке қарай, соңғы күндері кейбір адамдар Сәрсенов толық ақталып шықты деген ақпарат таратып, жұртты жаңылыстырып жатыр. Мен мұндай әрекеттермен келіспеймін», – деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, қазір блогерлер тарапынан өзіне қатысты айтылып жатқан мәлімдемелерге толыққанды жауап беруге мүмкіндігі жоқ. Ол жұртшылықты әлеуметтік желіде тараған кез келген ақпаратқа сене бермей, тексерілген дерекке ғана сүйенуге шақырды.

"Мен жастайымнан еңбекпен өстім. Ешқашан қара жұмыстан қашқан емеспін, өзімді аяп, жеңілдің үстімен жүрген адам да емеспін. Сондықтан әлеуметтік желіде блогерлермен ақпараттық тұрғыда жарысу менің қолымнан келмейді. Бүгінде олар мені көпшілікке жаман адам ретінде көрсетіп жатыр. Менің бұл үндеуімнің мақсаты – өзімді ақтау емес. Тек әлеуметтік желіде қаралым қуып, соның есебінен пайда тауып жүргендердің айтқанына еріп, менің ар-намысыма, іскерлік беделіме нұқсан келтіріп, балағат сөз айтып жүргендерге ескерту жасағым келеді. Бұл мәселемен енді заңгерлерім айналысады. Мені танымайтын адамдарға еш өкпем жоқ. Бірақ өмір бойы қолдау көрсеткен, малымды тегін жеген, 40 жас мерейтойын өткізуге көмектескен, төрт баласының тойына демеу болған, тіпті екеуін түрмеден шығаруға дейін қол ұшын созған адамдардың бүгінгі әрекетін түсіну маған қиын. Соған қарамастан, баршаңызға амандық тілеймін. Ешкімнің басына мұндай жағдай түспесін", - деді Тәжіғали Елеуов.

Істің мән-жайы

Сот материалдарына сәйкес, 2018 жылы шаруа қожалығынан 60 бас жылқы жоғалып, келтірілген шығын 10 миллион теңгеге бағаланған. Осыдан кейін қожалық иесі Тәжіғали Елеуов пен жылқышы Рахат Сәрсенов шығынды өтеу туралы келісімге келген. Келісім аясында Сәрсеновтің Мұғалжар ауданының Сағашилі ауылындағы үйі кепілге қойылған.

Биыл сәуірде азаматтық іс бойынша сот Тәжіғали Елеуовтің талабын қанағаттандырып, Рахат Сәрсеновтен 10 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. Соның салдарынан оның жалғыз баспанасы әлі күнге дейін кепілде тұр. Үйді кепілден шығару үшін ол аталған соманы өтеуі тиіс.

Бұдан бөлек, Рахат Сәрсеновке 2019-2024 жылдар аралығында 39 бас жылқыны жымқырды деген айып тағылған. Мұғалжар аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сондай-ақ одан шаруа қожалығы иесінің пайдасына 30 миллион теңге өндірілген.

Алайда Сәрсенов тағылған айыпты толық мойындамай, жылқылардың жоғалғанынан хабары болмағанын және малды түгендеу жұмыстарына қатыспағанын мәлімдеген.

30 шілдеде Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі апелляциялық тәртіппен қарап, оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағынан 189-баптың 1-бөлігіне қайта саралады. Соның нәтижесінде жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы алты айға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Кейін Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заң негізінде бұл мерзім тағы үш айға қысқартылды.

Соттан кейін Рахат Сәрсеновтің жалғыз баспанасы 10 миллион теңге қарыздың кепілінде тұрғаны қоғамда кеңінен талқыланды. Осы жағдайдан кейін ақтөбелік кәсіпкерлер оған баспана сыйлауға шешім қабылдады. Кеше Рахат Сәрсеновке жаңа пәтердің кілті салтанатты түрде табысталды. Баспананы оған VD Stroy-Engineering және Baisanat компаниялары сыйға тартты.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі