Мәскеуге 20 қыркүйекке қараған түні жаппай дрон шабуылы жасалды.
Шабуылдан Капотнядағы мұнай өңдеу зауыты зақымданып, Мәскеу облысында үш адам қаза тапты. Ал кемінде 20 тұрғын жараланды. Ресей билігі мәліметінше, шабуыл қалаға жасалған ең ауқымды дрон соққыларының бірі болған, деп хабарлайды kznews.kz BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Украина президенті Владимир Зеленский түнгі шабуыл кезінде украиналық қару-жарақтың, соның ішінде Pelican жүйесінің қолданылғанын мәлімдеді. Алғашқы ақпараттарда Pelican украиналық баллистикалық зымыран ретінде сипатталған. Алайда кейін оның нақты қандай қару екені туралы ақпарат нақтыланбағаны белгілі болды. Украинаның BBC қызметі Pelican деп Fire Point компаниясы әзірлеген FP-7 “Пеликан” зымыраны айтылуы мүмкін екенін жазды. Бұл қару алыс қашықтықтағы нысандарға соққы беруге арналған.
Десе де бұл қарудың ұшу қашықтығы 200-300 шақырым деп көрсетілген. Ал Мәскеу аталған қашықтан әлдеқайда алыс орналасқан. Сондықтан түнгі шабуылда дәл осы зымыранның қолданылғаны туралы ақпарат әлі де нақтыланған жоқ. Украина билігі бұған әзірге түсініктеме бермеді.
Жексенбі күні Ресейде Мемлекеттік дума сайлауының соңғы күні өтті.
“Кеше күннен бері барлық бағытта 1600-ден астам ұшқышсыз ұшу аппараты тойтарылды. Оның 450-і Мәскеуге жақындаған”, – деп жазды Собянин Telegram-дағы парақшасында.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі түнде Ресейдің түрлі өңірлерінің, Қара теңіз бен аннексияланған Қырымның үстінде 1 110 украиналық дронның ұсталып, жойылғанын хабарлады.
Собяниннің айтуынша, бірнеше дрон Мәскеу мұнай өңдеу зауытының аумағына жетіп, олардың бірі Ореховый бульварындағы тұрғын үйге түскен. Мэрдің мәлімдеуінше, Мәскеу қаласының өзінде қаза тапқандар жоқ.
Ақпарат агенттіктері Капотнядағы Мәскеу мұнай өңдеу зауытының маңында болған ірі өрттің фотоларын таратты.
BBC тілшісі Пол Адамстың мәліметінше, зауыттың үш негізгі нысаны зақымдаyған. Олар – шикі мұнайды бастапқы айдау, мұнайды кешенді өңдеу және изомерлеу қондырғылары. Соңғысында өңделген мұнай өнімінің октан саны арттырылады.
Украина әскери күштерінің мәліметінше, зауыт жылына 12 миллион тоннадан астам мұнай өңдей алады. Кәсіпорында бензин, дизель және авиациялық отын өндіріледі. Олардың бір бөлігі Ресей Қарулы күштеріне жеткізіледі. Сонымен қатар Украина тарапының мәліметінше, зауыт Мәскеу мен оған жақын өңірлердегі отынның үштен бірінен астамын қамтамасыз етеді.
“Мұндай нысандардың істен шығуы қарсыластың басқыншылық соғысты жалғастыру және өз әскер топтарын қамтамасыз ету мүмкіндігіне тікелей соққы береді. Біздің барлық алыс және орта қашықтықтағы соққыларымыз – соғысты Ресей аумағына көшіру”, – деді Украина Қорғаныс министрі Евгений Хмара.
“Газпром нефть” компаниясының өкілдері зауытқа жасалған шабуылға қатысты түсініктеме бермеген.
Қаза тапқандар мен жараланғандар
Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің мәліметінше, 20 қыркүйекке қараған түні өңірге 249 дрон шабуыл жасаған.
Оның айтуынша, шабуылдың ең ауыр салдары Раменский қалалық округінде тіркелген. Софьино ауылындағы үш қабатты көппәтерлі үйге дрон түсіп, 44 жастағы әйел қаза тапқан. Сонымен қатар елді мекендегі қойма кешендерінің бірі өртенген.
Кейін Воробьев жараланғандардың бірінің ауруханада көз жұмғанын хабарлады. Осылайша қаза тапқандар саны үш адамға жеткен.
Губернатордың мәліметінше, Раменский округінің Софьино ауылындағы тұрғын үйге дрон түскен кезде 15 жастағы Эзоза Юсупова жарақат алып, Л.М. Рошаль атындағы балалар клиникалық орталығына жеткізілген.
“Эзоза мен оның 19 жастағы ағасы Бехриз ата-анасыз қалды. Олардың анасы шабуыл кезінде қаза тапты, ал әкесі ауруханада көз жұмды”, – деп жазды Воробьев.
Раменский округіндегі Солтүстік тасжолда дрондардың құлауы салдарынан 21 қабатты көппәтерлі үйдің шатыры өртеніп, 20 автокөлік зақымдалған.
Сонымен қатар Орехово-Зуево округіндегі жеке үйге дрон түсіп, 74 жастағы ер адам қаза тапқан.
Губернатордың айтуынша, Люберцыда екі ер адамға дрон сынықтары тиіп, жарақат алған. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылған.
Воробьевтің кейінгі мәліметінше, Ленин округінде екі адам жарақат алған. Бұған дейін жергілікті билік ауруханаға бес адам жеткізілгенін хабарлаған.
Ленин округінің басшысы Станислав Каторовтың Telegram-дағы жазбасына сәйкес, түнгі дрон шабуылы салдарынан ауданда 10-нан астам тұрғын үй зақымдалған. “Интерфакс” агенттігі Ленин округінде барлығы 14 көппәтерлі үй зардап шеккенін хабарлады.
Домодедовода бес адам жарақат алған. Олардың арасында 11 жастағы бала бар. Оған ауруханаға жатудың қажеті болмаған.
Мәскеу облысының басшысы Котельникиде ірі өрт болғанын хабарлады. Дрон Новые Котельники шағынауданындағы көппәтерлі үйге түсіп, үш қабаттағы пәтерлер өртенген.
Оның мәліметінше, Котельникиде екі ер адам зардап шеккен. Олар ауруханаға жатудан бас тартқан.
Кейін Ресей Денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Алексей Кузнецов Мәскеу облысындағы ауруханаларда украиналық шабуылдан зардап шеккен 17 адам ем қабылдап жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, ауруханаға жатқызылғандардың арасында екі бала бар. Олардың бірінің жағдайы ауыр. Қалған жараланғандардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Ресейдің ТАСС және “Интерфакс” агенттіктері Кузнецовке сілтеме жасап, тағы 21 зардап шеккен адамға, оның ішінде төрт балаға медициналық көмек амбулаториялық түрде көрсетілгенін хабарлады.
Бұған дейін Воробьев Мәскеу облысында барлығы 20 тұрғынға медициналық көмек қажет болғанын, олардың 15-і ауруханаға жатқызылғанын айтқан еді.
Украина президенті Владимир Зеленский түнде Украина Қарулы күштері Мәскеу облысына соққы жасағанын растады. Оның айтуынша, шабуыл кезінде украиналық баллистикалық зымырандар да қолданылған.
“Мәскеу өңіріне біздің алыс қашықтағы жауап соққыларымыз айтарлықтай әсер етті. Ресейдің мұнай өнеркәсібіндегі негізгі кәсіпорындарының бірі мен агрессордың логистикалық нысаны зақымдалды. Бұл әскери машинаны қаржыландырып отырған миллиардтаған доллар”, – деді Зеленский Telegram-дағы парақшасында.
Украина президентінің айтуынша, шабуылда алыс қашықтыққа ұшатын дрондар мен түрлі типтегі зымырандар, соның ішінде “Фламинго” және Pelican қолданылған.
Зеленский қолданылған қарулардың қатарында FP-1, RZ-100, MICH-2000, “Паляниця”, Vendetta, “Лютый”, “Барс”, “Фламинго”, “Сичень” және Pelican болғанын жазды.
Алайда Украинаның BBC қызметі хабарлағандай, бұл жерде Fire Point компаниясы шығарған FP-7 “Пеликан” баллистикалық зымыраны туралы сөз болуы мүмкін. Ол стратегиялық нысандарды алыс қашықтан жоюға арналған. Дегенмен оның мәлімделген ұшу қашықтығы 200-300 шақырым. Ал Мәскеу бұдан да қашық орналасқан. Украина билігі бұл мәселеге әзірге нақты түсініктеме берген жоқ.
Бұл – “Пеликан” қаруының ұрыс жағдайында қолданылғаны туралы алғашқы белгілі жағдай.
Зеленский Украина әскері Воронеж облысындағы бір кәсіпорынға да соққы жасағанын мәлімдеді.
Дрон шабуылына байланысты “Аэрофлот” Мәскеудегі әуежайлардың жұмысына енгізілген уақытша шектеулерден кейін рейстер кестесін өзгерте бастады.
“20 қыркүйекте Мәскеу әуе торабының әуежайларында ұшақтардың ұшып шығуы мен қонуына уақытша шектеулер енгізілуіне байланысты “Аэрофлот” рейстер кестесін өзгертуге мәжбүр. Кейбір рейстердің ұшу уақыты ауыстырылып, бірқатар рейс тоқтатылды”, – делінген әуе компаниясының хабарламасында.
Компания мәліметінше, Шереметьево әуежайына бағыт алған рейстердің бір бөлігі қосалқы аэродромдарға жіберілген.
Сонымен қатар әуе компаниясы жолаушылардан әуежайға шығар алдында онлайн-таблодан рейс мәртебесін тексеруді сұрады. Рейс тоқтатылған жағдайда әуежайға бармауға кеңес берді.
“Осторожно, новости” Telegram арнасының мәліметінше, Мәскеуге жасалған дрон шабуылынан кейін Шереметьево әуежайында 150-ден астам рейс тоқтатылған немесе кейінге шегерілген.
Айта кетейік, шабуыл Ресейде Мемлекеттік дума сайлауының соңғы күні өткен кезде болды. Reuters мәліметінше, Ресей билігі шабуылдың сайлау процесіне әсер ету мақсатында жасалғанын мәлімдеді. Алайда бұл тұжырым Ресей тарапының бағасы ретінде қарастырылуы керек.