Иран ұлттық құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты өтетін Мексикаға ерекше символикамен келді. Команда мүшелері киімдеріне «168» саны бейнеленген арнайы төсбелгі тағып шыққан, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл белгі биыл 28 ақпанда Иранның Минаб қаласында болған қайғылы оқиғаны еске салу мақсатында тағылған. Сол күні мектеп ғимаратына зымыран түсіп, ондаған бала қаза тапқан. Иран тарапының мәліметінше, құрбандардың басым бөлігі қыз балалар болған.
Британдық Daily Mail басылымының жазуынша, «168» саны аталған шабуыл кезінде көз жұмған балалардың санын білдіреді. Кейінірек АҚШ билігі оқиғаның әскери операция барысында жіберілген қателіктің салдары болғанын мойындаған. Шабуыл салдарынан жалпы саны 175 адам қаза тапқан.
Иран құрамасының бұл әрекеті әлем чемпионаты қарсаңында үлкен назар аудартты. Футболшылар осылайша қайғылы оқиға құрбандарын еске алып, олардың отбасыларына қолдау білдіруді мақсат еткен.
Айта кетейік, бұған дейін Иран құрамасы қауіпсіздік мәселелеріне байланысты әлем чемпионаты кезіндегі жаттығу базасын АҚШ аумағынан Мексикаға көшіру туралы шешім қабылдаған болатын.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнирдің қазіргі чемпионы – Аргентина құрамасы.