Қазақстан аумағына Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты зымырандық соққы жасау қаупі қазіргі уақытта жоқ. Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар осылай мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Дипломаттың айтуынша, Иран билігі жағдайды бақылауда ұстап отырған кезде Қазақстанға тікелей әскери қауіп жоқ. Дегенмен аймақтағы ұзаққа созылған қақтығыс бүкіл Орталық Азия үшін қауіпті болуы мүмкін.
«Қазақстан үшін ешқандай қауіп жоқ, ешқандай қатер байқалмайды. Алайда Орталық Азия өңірлері үшін қауіп бар, егер қақтығыс жалғаса берсе, бұл елдерге Ираннан экстремистер мен террористер енуі мүмкін», - деді елші.
Сондай-ақ елші Иранның АҚШ нысандарына зымыран немесе дронмен соққы жасауы туралы нақты мәлімет жоқ екенін, бірақ Тегеранның шабуылдарға қарсы тұрудан басқа амалы жоқ екенін алға тартты.
Сондай-ақ Иран өкілі мұнай тасымалы үшін маңызды стратегиялық жол болып саналатын Ормуз бұғазына қатысты Батыс елдерінің, әсіресе Францияның бастамасын сынады.
«Француз кемелерінің болуы ел қауіпсіздігін бұзады. Франция немесе басқа да Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері Иранға қарсы агрессияны айыптайтын резолюция ұсынуы керек», - деді Джоукар.