Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында тіркелген ауыр қылмысқа байланысты тергеу әрекеттері жалғасуда. Ерлі-зайыптының қаза табуы және отбасының тағы екі мүшесінің хабар-ошарсыз кетуі қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Мәйіттер анықталғаннан кейін тергеу назары марқұмдардың күйеу баласына ауысқанымен, бұл іс бойынша ресми органдар әзірге толыққанды түсініктеме бермеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Резонанс тудырған оқиғаға қатысты соңғы мәліметтерді "Ақ Жайық" басылымы жария етті. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, кейін қылмыс ізін жасыруға тырысқан болуы мүмкін. Қаза тапқандардың денелері үй ауласындағы шаруашылық мақсаттағы құрылыстан табылған.
Дереккөздердің айтуынша, ғимарат ішінде шамамен бір жарым метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер сол жерге көмілген. Кейін үсті топырақпен жабылып, линолеум төселген, ал үстіне диван қойылып, бөлме кілтпен құлыпталған.
Құқық қорғау органдарындағы бейресми ақпараттарға сүйенсек, күдікті қазіргі уақытта Индонезия аумағында болуы ықтимал. Тергеу барысында оқиғаның жалпы мән-жайы біртіндеп айқындалып келе жатқандықтан, оның елден біржола кетуге әрекет жасауы мүмкін деген болжам да айтылып отыр.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мирамгүлдің мәйіті Геолог шағын ауданындағы септиктен табылды деген хабар тараған еді. Алайда бұл ақпарат расталмады. Полиция аталған аумақта тінту жүргізіп, іске қатысы бар бірқатар заттарды тәркіледі.
Сонымен қатар Наурыздың ұялы телефоны Өзбекстан аумағында сигнал бергені ресми түрде нақтыланды. Алдын ала деректерге сәйкес, одан кейінгі қозғалыс бағыты Малайзия арқылы Индонезияға жалғасуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жедел-іздестіру және тергеу шаралары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.