Танымал әнші Индира Елемес журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында соңғы уақытта ел ішінде қызу талқыланып жатқан жеке өмірі мен марқұм композитор Арман Дүйсеновке қатысты қаржылық дауға байланысты бар шындықты ашып айтты. Өнер иесі көпшілік арасында тараған қауесеттерге нүкте қойып, күйеуіне тағылған айыптауларға алғаш рет жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әншінің сөзінше, ол болашақ жарымен мерекелік кештердің бірінде танысқан. Қалың жұрттың "біреудің отбасын бұзды", "екінші әйелі болды" деген сөздері шындыққа жанаспайды. Индира ол кезде жолдасының ресми некеде болмағанын, өзі танысқан кезде күйеуі бойдақ болғанын айтты.
"Қазір жұрттың бәрі мені біреудің отбасын бұзды немесе екінші әйел болды деп жазып жатыр. Бұл – қате пікір. Біз танысқанда ол кісі бос еді. Арамызда 19-20 жас айырмашылық бар. Ол кезде жолдасым өте сымбатты, көрікті жігіт болды", – деді Елемес.
Сұхбаттағы ең күрделі тақырып – марқұм Арман Дүйсенов пен Индира Елеместің күйеуі арасындағы ірі көлемдегі қаржылық дау. Әнші осы уақытқа дейін күйеуінің Дүйсеновпен ақша алмасқаны туралы ештеңе білмегенін айтты.
Индираның айтуынша, 67 миллион теңге туралы әңгімені ол алғаш рет маусым айында Арман Дүйсеновтің жары Айсұлудан естіген. Алайда бұл мәселеге қатысты күйеуінің өз уәжі бар болып шыққан.
"Мен олардың арасында ақшалай алыс-беріс барын білмедім. 67 миллион теңге туралы әңгімені естігенде, жолдасымнан сұрадым. Ол бұл ақпаратты жоққа шығарды. Тіпті, керісінше, "олардың маған қарызы бар" деп айтты", – деді Индира.