Тележүргізуші Гүлнәз Әлімгерей отбасына жақын адамынан айырылып, қаралы хабарды көпшілікке жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Тележүргізушінің айтуынша, өмірден өткен Бақыт — Рүстем есімді құдасының анасы, Камила келінінің әжесі. Гүлнәз Әлімгерей марқұмның қысқа уақыт ішінде өзіне және жұбайы Нұрділдәға туған балаларындай қамқорлық танытып, ерекше мейірімін көрсеткенін атап өтті.
«Қысқа уақыт ішінде Нұрділдә екеумізді құда деп емес, өз балаларындай көріп, ақкөңіл мінезімен, ана жүрегінің мейірімі мен кеңдігін сезіндірген алтын құдағиымыз еді», – деп жазды ол.
Сондай-ақ тележүргізуші марқұмның 69 жасында дүниеден өткенін, жұбайы Амангелдімен бірге төрт ұл тәрбиелеп, немере-шөбере сүйгенін айтты. Келесі жылы ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 50 жыл толуы тиіс болған.
Гүлнәз Әлімгерей жазда Баянауылға барған сапарында Бақыт құдағиының қонақжайлық танытып, өз қолымен екі жастық тігіп сыйлағанын да еске алды. Содан бері сол жастықтар тележүргізушінің көлігінде сақталып, сапарларында үнемі бірге жүрген.
«Енді осы екі жастық үлкен құдағиымыздан қалған ең қымбат естеліктің біріне айналды. Қолының табы, жүрегінің жылуы қалған аманаттай… Бақұл болыңыз, жақсы адамым! Алла алдыңыздан жарылқасын», – деп жазба авторы марқұмның жақындарына және Баянауыл жұртына көңіл айтты.