Аймақ

Ғимараттың артына жүріңіз: Қонаевтағы жол сақшыларының жүргізушіні тексеру тәсілі қызу талқыланып жатыр

Азамат Қойшығара Азамат Қойшығара
Ғимараттың артына жүріңіз: Қонаевтағы жол сақшыларының жүргізушіні тексеру тәсілі қызу талқыланып жатыр
БҚО ПД

Әлеуметтік желіде Қонаев қаласында жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің жүргізушіні тексеру кезінде қолданған әдісі қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Бұл туралы желі қолданушысы Ерқанат Тәукебаев жазды, деп хабарлайды kznews.kz.

«6 қаңтардың таңы еді. Қонаев қаласынан өтіп, көпірден асқанда бұрынғы МАИ бекеті тұрған жерде 3-4 қызметкерді көрдік. Бізді тоқтататынын бірден сездік, себебі артымызда басқа көлік жоқ болатын. Терезені аштым, құжат сұрады, бердік. Сосын “көліктен түсіп, артымнан жүріңіз” деді», – деп жазды ол.

Автордың айтуынша, бұл жағдай көліктегі әріптестерін де алаңдатқан.

«Жанымдағы екі әріптесім не болып қалды деп шошып кетті. Ал өзім “не бүлдіріп қойдым, беретін қолма-қол ақшам да жоқ қой” деп ойлап үлгердім. Мені шетте тұрған басқа көлікке отырғызды. Сол сәттен бастап ішімнен түрлі ой өтті», – дейді Ерқанат Тәукебаев.

Желі қолданушысының сөзінше, содан кейін жол полициясы қызметкері бірқатар сұрақ қойған.

«Қайда бара жатырсың" деді. “Бақанас жақтағы көпірге, жол өлшеуге бара жатырмыз, өзіміз жол өлшейтін маманбыз” деп жауап бердім. Сосын “ішкен жоқсың ба?”, “Соңғы рет қашан іштің?” деп сұрады. “10-сыныпта ‘Агдам’ мен ‘Талас’ ішкенмін” дедім. Артынша “Намаз оқисың ба?”, “Қымыз ішкен шығарсың?” деген сұрақтар қойды. Мұның бәрі психологиялық тексеру сияқты көрінді», – деп жазады ол.

Одан кейін жүргізушіні ғимараттың артына алып барған.

«Ғимараттың артында медпункт секілді бірдеңе бар шығар деп ойладым. Бірақ ол кісі кішкентай пакеттен жылтыр қағазға ұқсас бір нәрсе шығарды. Алкотестер болар деп ойлап үлгердім. Алайда ол маған “мынаған аздап сиіңіз” деді. Сол сәтте күлкім келді», – дейді жазба авторы.

Автор бұл тәсілдің қалай жүргізілгенін де сипаттап өткен.

«Бір шелек қойыпты, ішінде анализ алатын стакандар жатыр. Сынаманы сол ыдысқа алып, кейін өздерінің аппаратын салып, бірнеше секундта ішкен-ішпегеніңді анықтайды екен. Ғимараттың арты кәдімгідей “Каспий теңізіне” айналды. Қалдықтар төмен қарай Қапшағайға ағып жатыр ма деп те ойлап кеттім», – деп жазады ол.

Ерқанат Тәукебаев мұндай тексеру тәсілінің этикалық жағына күмән келтіретінін айтты.

«Арақ ішіп көлік жүргізген адамды ешқашан қолдамаймын. Бірақ мынадай “дала лабораториясындағы” тексеру ұят сияқты. Әйел адам жүргізуші болса, оларды қалай тексереді, ол жағы да түсініксіз. Қапшағай жақтағы МАИ қызметкерлерінің жұмысы расымен қиын екен», – деп түйіндеді ол.

Аталған жазба әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызды. Бірі жол қауіпсіздігін күшейту қажет десе, енді бірі тексеру рәсімдері адам қадірін сақтай отырып жүргізілуі керек екенін алға тартуда. Құзырлы органдар бұл жағдайға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz