KZNEWS.KZ
Сұхбат

«Ғимарат мемлекетке тиесілі»: Нұрасыл Медеу университет төңірегіндегі қауесетке жауап берді

• KZNEWS
Фото: Бейнеден алынған кадр

Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) негізін қалаушы Нұрасыл Медеу «Qazsport» телеарнасына сұхбат берді. Ол университеттің табысы, мемлекеттік ғимаратты пайдалану, Президентпен туыстығы және спортшыларға көрсетілетін қолдау туралы айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Нұрасыл Медеудің сөзінше, университет базасында дайындалған спортшылар Азия ойындарында жүлделі орындарға ие болған.

«Спортшыларымыз нәтиже көрсетіп жатыр. Жақында өткен Азия ойындарында біздің университеттің спортшылары да болды. Қателеспесем, 14 медаль жеңіп алды. Олардың арасында KNUS базасында дайындалған семсерлесушілер де бар», деді ол.

Медеу университет базасында күрес академиясы, өзі құрған «Номад» академиясы жұмыс істейтінін айтты. Мұнда таеквондо, гольф, академиялық ескек есу, жеңіл атлетика және басқа спорт түрлерінен ұлттық құрамалар дайындалады.

«Осы спорт түрлерінен Азия ойындарында медальдар жеңіп алдық. Ұлттық құрамалар біздің базада тегін дайындалады. Бұл біздің құрама, ел және күн сайын еңбек етіп жүрген спортшылар алдындағы міндетіміз. Олар біз жасап отырған жағдайға лайық», деді Медеу.

Сұхбат барысында жүргізуші Нұрасыл Медеудің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туысы екенін айтып, мұның қандай мүмкіндіктер мен жауапкершілік жүктейтінін сұрады.

«Ең алдымен, осы отбасында дүниеге келгенім үшін Құдайға ризамын. Қан су емес қой. Қай отбасында дүниеге келетінімді өзім таңдаған жоқпын. Бірақ осындай мүмкіндіктердің барына, бір нәрсе жасап, елге қызмет ете алатыныма ризамын», деді ол.

Медеу Бауыржан Момышұлының жастық шақта ерлік жасап, жаңа бастамаларды жүзеге асыру қажеттігі туралы сөзін еске алды. Ол арғы атасының қазақ әдебиетіндегі өмірбаяндық жанрдың негізін қалаушылардың бірі екенін де айтты.

«Мен өзіме үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезінемін. Сол биікті төмендетпей, керісінше, еліміз бен халқымыз үшін жаңа дүниелер жасауымыз керек. Менің басты мақсатым да осы», деді Нұрасыл Медеу.

Оның айтуынша, Президентпен туыстық байланысы үлкен артықшылық беретіндей көрінуі мүмкін. Бірақ университетті ашу кезінде көптеген мәселені өз күшімен шешуге тура келген.

«Университет ашылған кезде сондай артықшылықтар болғанын қалар едім. Бірақ бәрін барынша өз күшімізбен жасауға тура келді. 2021 жылға дейін осы идеяны қолдаған кәсіби мамандар командасын жинадым. Олар да спорт саласындағы кемшіліктерді көріп, бастаманы қолдады», деді ол.

Университет ашылған алғашқы жылы 150 студент қабылдаған.

«Жаңа университетке бірден сенім арту оңай емес. Бірақ сол 150 студент бізге сенді. Олар осы идеяны қолдап, бізбен бірге университетті дамытуға атсалысты. Мен оларға өте ризамын», деді Медеу.

Сұхбатта университеттің меншігіне қатысты тараған ақпарат та сөз болды.

Медеудің айтуынша, кейбір адамдар оның жас кезінде мұндай оқу орнына қалай иелік еткеніне күмән келтіреді.

«Бастапқы кезден университеттің құрылтайшысы болдым, ректоры емес. Сондықтан осы іске басынан қатысқан кәсіби мамандарға сүйендім. Ғимараттың иесі екенім туралы да шындыққа жанаспайтын әңгімелер көп», деді ол.

Нұрасыл Медеу университет орналасқан ғимараттың мемлекет меншігінде екенін айтты.

«Біз ғимараттың иесі емеспіз. Мен оны ешкімге сата алмаймын. Ол мемлекетке тиесілі. Ғимаратты, оның ішіндегі орындарды жалға беруден түсетін табыстың 60 пайызы мемлекетке кетеді. Коммерциялық бөліктен түсетін қаражат мемлекетке беріледі. Мұның бәрі ашық, тексеріледі», деді ол.

Қалған табыс білім беру ісіне және студенттерге арналған гранттарға жұмсалатынын жеткізді.

Университетте құрылтайшының «Life Chance Grant» және «Life Merit Grant» бағдарламалары бар.

«Life Chance Grant» бағдарламасы негізінен ауылдық жерлер мен өңірлерден келген дарынды жастарға арналған.

«Бұл менің жеке грантым. Ол оқу ақысын, жатақханада тұруды, академиялық ұтқырлық аясындағы ұшу шығындарын толық өтейді. Біз Қазақстанның ірі қалаларынан емес, ауылдар мен өңірлерден келген жастарға мүмкіндік бергіміз келеді», деді Медеу.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткер ауылдық жерден болуы және белгілі бір спорттық жетістікке жетуі керек. Іріктеу кезінде бірнеше сұхбат өткізіледі.

«Біз тек бағаға қарап шешім қабылдамаймыз. Жастың талпынысына, өзін көрсетуге деген ынтасына назар аударамыз. Оның шынымен еңбекқор әрі талантты екенін бағалаймыз», деді университет құрылтайшысы.

Грант иегерлеріне тегін біліммен қатар шәкіртақы және басқа да қолдау көрсетіледі. Университет қызметкерлері оларға тәлімгерлік етеді.

Ал «Merit Grant» бағдарламасы оқу ақысын жабуға бағытталған. Медеудің айтуынша, бұл грантқа кез келген үміткер қатыса алады, бірақ іріктеу талаптары өзгеше.

KZNEWS
Қазақстан және әлем жаңалықтары
Автордың басқа материалдары →