Әлем

Еуроодақ Ресей газынан бас тартты: Путиннің келесі қадамы қандай болмақ?

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
Еуроодақ Ресей газынан бас тартты: Путиннің келесі қадамы қандай болмақ?
Anadolu Ajansı

Еуропарламент Еуроодақ елдерінің 2027 жылғы 1 қарашадан бастап Ресейден газ сатып алудан толық бас тартуы туралы ұсынысын мақұлдады. Бұл шешім Украинаға басып кіруден кейін Кремльдің газды саяси қысым құралына айналдыруы салдарынан туындаған, Еуропадағы соңғы ондаған жылдағы ең ірі энергетикалық дағдарысқа жауап ретінде қабылданды, деп хабарлайды kznews.kz.

ВВС-дің жазуынша, келесі қадам ретінде Ресей мұнайынан да толық бас тарту жоспарланып отыр.

Жаңа заңды сәрсенбі күні 500 депутат қолдап, 120 депутат қарсы дауыс берді. Құжат 27 ЕО еліне Ресейге қарсы газ эмбаргосын білікті көпшілік дауыспен енгізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін санкциялар үшін бір ауыздан келісім қажет еді. Бұл шешім Кремльмен одақтас деп саналатын Венгрия мен Словакияның ветосын айналып өтуге жол ашады, себебі бұл елдер Ресейден келетін арзан құбыр газының тоқтауын қаламайды.

"Бұл – тарихи сәт. Еуроодақ Ресейдің мұнайы мен газынан тәуелсіз жаңа дәуірге алып қадам жасап отыр. Ресей енді ешқашан энергия тасымалдаушыларды Еуропаға қысым көрсету құралы ретінде пайдалана алмайды", – деді Еуропарламенттің энергетика комитетінің мүшесі, фин депутаты Вилле Ниинистё.

Соғысқа дейінгі бір жылда Ресей ЕО-ның газға деген сұранысының 40 пайызын қамтамасыз еткен. Алайда Украинаға басып кіру қарсаңында Кремль Еуропамен "газ соғысын" бастап, жеткізілімдерді қысқартты. Соның нәтижесінде Еуроодақ ресейлік газды баламамен алмастыруды мақсат етіп, бүгінде оның үлесі 13 пайызға дейін төмендеді.

Қазіргі таңда ресейлік құбыр газы Түркия арқылы Венгрия мен Словакияға, ал сұйытылған газ (LNG) ЕО-ның басқа елдерінің порттарына жеткізіліп келеді.

Жаңа заңға сәйкес, Еуроодақ сұйытылған ресейлік газдан құбыр газына қарағанда ертерек – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық бас тартады.

Ресей қанша табыстан айырылады?

Еурокомиссияның бағалауынша, газ эмбаргосы Кремльді жылына шамамен 10 млрд еуро экспорттық табыстан айырады. Қазіргі уақытта Еуроодақ Ресейге энергия ресурстары үшін ай сайын 1,5 млрд еуро төлеп отыр. Соғысқа дейін бұл көрсеткіш 12 млрд еуроға дейін жеткен еді. ЕО-ның басты мақсаты – бұл соманы нөлге дейін қысқарту.

Ол үшін ресейлік мұнай өнімдерінен де толық бас тарту қажет. Еуроодақ Ресейден шикі мұнайды қазірдің өзінде өте аз көлемде сатып алады, алайда оның қайта өңделген өнімдерінен әлі толықтай бас тартқан жоқ.

Еурокомиссияның мәліметінше, бүгінде санкциялар соғысқа дейінгі ресейлік мұнай мен мұнай өнімдері экспортының 90 пайызын қамтып отыр.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz