Актер бұл жайында журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында ашық айтты.
Танымал актер Рамазан Амантай осы уақытқа дейін баспана сатып алуға жететін қаражаты болғанын, алайда ақшасын дұрыс жұмсай алмағанын мойындады. Өнер иесі қаржыны орынсыз шашқанын айтып, өткеніне өкініш білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның сөзінше, ақшаны жинап, баспана алуға мүмкіндік болғанымен, ол қаражатты сақтай алмаған. Тіпті жұбайы да ақша жинауға кеңес беретінін, бірақ өзінің айтқанға құлақ аспайтынын жеткізді.
«Жиырма үй алатындай ақшам болған шығар осы күнге дейін. Бірақ ақылым болмапты. Әйелім айтпайды емес, айтады. Мен бой бермеймін. Ақшаны әйелім жинайтын шығар деп ойлайтын шығар, бірақ ақша өзімде болады. Ешқандай жағдайда оған бермеймін. Өзімде ғана болады. Мен далаға шашамын», – деді Рамазан Амантай.
Сондай-ақ актер өткен өміріндегі кейбір әрекеттерін еске алғанда, өкініштен көзіне жас алғанын айтты. Оның сөзінше, осы жағдайлардың куәсі болған жақын бауырлары да бар.
«Көп ақымақтығыма куә бауырларым бар. Соның барлығын есіме түсіріп, жылап жібердім», – деп ағынан жарылды өнер иесі.