Мейрамбек Беспаев Қызылорда қаласында 50 жасқа толуына арналған мерейтойлық концертін өткізді. Өнер кешінде әншінің әріптестері мен жақындары бас қосып, оған құрмет көрсетті.
Сыр өңірінің тумасы Серік Ибрагимов белгілі себептермен концертке қатыса алмаған. Алайда ол әнші ағасын құттықтауды ұмытпай, досы арқылы арнайы сыйлығын жолдаған.
Сахнаға шыққан досы Серік Ибрагимовтың сәлемін жеткізіп, оның қазіргі шығармашылық жұмыстары туралы да айтып өтті.
"Серіктің қазір әншіліктен бөлек, кино саласында жүргенін білесіздер. Осыдан екі жыл бұрын "Заманбек" деген кино түсіріп, 1,5 жарым млдр касса жинаған. Қазір "Заманбек-2" деген кино түсіріп жатыр. Құнықты ма, білмеймін ғой, енді", – деп әзілдеді ол.
Оның айтуынша, Серік Ибрагимов Астанада өтіп жатқан фильмнің алдын ала көрсетіліміне байланысты Қызылордаға келе алмаған. Соған қарамастан, әнші Мейрамбек Беспаевқа деген құрметін білдіріп, мерейтой иесіне шапан жабуды жөн көрген.
Серік Ибрагимов әлеуметтік желідегі парақшасында да әнші ағасына жылы лебізін арнады.
"Мейрамбек ағамыздың 50 жас кеші құтты болсын! Ағамды ерекше жақсы көремін, сыйлаймын", – деп жазды өнер иесі.