Эльмира Төлегенова сотта күйеуі өзін ұрып-соқпағанын, екеуінің арасында тек сөзге келіспеушілік болғанын түсіндірді.
Астанада блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты отбасылық жанжалға қатысты әкімшілік іс тоқтатылды. Сот ерлі-зайыптының татуласуына байланысты осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында Ерболат Жанәбіловке қатысты іс 2026 жылғы 1 қазанда жабық сот отырысында қаралды.
Сот материалдарына сәйкес, 30 қыркүйекте блогер үйінде жанжал шығарып, жұбайы Эльмира Төлегенованың қолынан ұстаған. Осылайша оның тыныштығын бұзған. Алайда сот Жанәбіловтің әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмағанын хабарлады.
Блогердің әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды. Құқық бұзушылықтың болғаны іс материалдарымен, оның ішінде әлеуметтік желідегі бейнежазбамен расталған.
Сот отырысында Ерболат Жанәбілов кінәсін толық мойындап, хаттамада көрсетілген мән-жайларды растады. Сондай-ақ жұбайымен татуласқанын айтып, жазбаша келісім ұсынды.
Ал Эльмира Төлегенова сотта күйеуі өзін ұрып-соқпағанын, екеуінің арасында тек сөзге келіспеушілік болғанын түсіндірді. Ол татуласуға өз еркімен келіскенін және ешқандай қысым болмағанын мәлімдеді.
Сот Жанәбіловтің мұндай құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін ескерді. Сонымен қатар, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 64-бабына сәйкес, алғаш рет құқық бұзушылық жасаған адам жәбірленушімен татуласып, келтірілген зиянды өтеген жағдайда әкімшілік жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Осыған байланысты сот тараптардың татуласуын негізге алып, Ерболат Жанәбіловке қатысты әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада блогер Ерболат Жанәбілов әйелімен жанжалдан кейін қамауға алынғаны белгілі болды.