Блогердің 28 тамызда пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны анықталды
Астанада блогер Ерболат Жанабылов әйелі Эльмира Төлегеновамен ұрысқаннан кейін ұсталды. Полиция Эльмира Төлегенованың Threads желісіндегі жарияланымынан кейін тексеру жүргізе бастады. Ол жазбасында болған жағдай туралы айтып, қолындағы қызарған жерлерді көрсетті, деп хабарлайды kznews.kz
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында аталған видеоны анықтаған. Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал болғанын анықтады.
«30 қыркүйекте полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Threads әлеуметтік желісінен блогер Э. Т.-ның жолдасы Е. Ж.-мен болған жанжалға қатысты бейнежазбасы бар жарияланымды анықтады. Бейнежазбада әйел болған жанжалдың мән-жайын айтып, қолындағы қызарған жерлерді көрсеткен. Осы факті бойынша оқиға орнына полиция қызметкерлері барды. Тексеру барысында ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталды. Бұл ретте Э. Т. полицияға арыз беруден бас тартты. Сонымен қатар Ж. Е.-ге отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін әкімшілік материал толтырылды. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды», – деп хабарлады Астана қаласының Полиция департаменті.
Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Полиция сондай-ақ блогердің 28 тамызда пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын хабарлады. Сағат 22:00-ден кейін оның көрсетілген тұрғылықты жерінде болмағаны анықталған. Бұл эпизод бойынша да материалдар сотқа жолданды.