Әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт бойы өмір үшін күрескен Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Қаралы хабарды алғаш болып Адырна порталы жариялады. Кейін бұл ақпаратты сарбаздың анасы Гүлсім Қамиева мен отбасының заңгері растаған, деп хабарлайды kznews.kz. Бұл туралы Адырна ұлттық порталы жазды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 21 жастағы Ербаян Мұхтар Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында көз жұмған. Соңғы күндері оның денсаулығы күрт нашарлап, дәрігерлер бақылауында болған.
Еске салсақ, Ербаян Мұхтар 2024 жылы Алматы қаласындағы №5571 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке шақырылған. Қызмет барысында ол ауыр бас-ми жарақатын алып, ұзақ уақыт комада жатқан болатын.
Ресми нұсқа бойынша, сарбаз әскери бөлім аумағындағы әжетханада құлап, жарақат алған. Алайда оның туыстары бұл түсіндірмеге күмән келтіріп, Ербаянның жарақатты басқа жағдайда алған болуы мүмкін екенін айтып, оқиғаның жан-жақты әрі әділ тергелуін талап еткен.
Дәрігерлер оған мидың ауыр контузиясы, субдуральды гематома, бас сүйегінің сынуы және ми ісінуі диагноздарын қойған. Осы уақыт ішінде сарбаз бірнеше күрделі операцияны бастан өткеріп, ұзақ мерзімді ем қабылдады. Оның еміне бейжай қарамаған қазақстандықтар қаржылай қолдау көрсетіп, шетелде оңалту курсынан өтуіне көмектескен еді.
Жақындарының айтуынша, Ербаян әскерге дейін жоғары оқу орнында білім алып, спортпен, оның ішінде футболмен белсенді айналысқан. Болашаққа жоспарлары көп болған жас жігіттің тағдыры қоғамда үлкен резонанс тудырып, мыңдаған адам оның сауығып кетуіне тілекші болған.
Қазіргі уақытта сарбаздың қазасына қатысты оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жалғастыруда.