Үндістанда 45 жастағы ер адам әйелін телефон қоңырауына жауап бермегені үшін таяқпен ұрып өлтірді деген күдікке ілінген, деп хабарлайды kznews.kz NDTV арнасына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдікті Накчед (45) дүйсенбі күні құрылыс жұмыстарымен айналысып жүргенде әйелі Кусумға (42) қоңырау шалған. Алайда әйел бос болмағандықтан, телефонды көтермеген.
Осыған ашуланған ер адам түн ортасында үйіне келіп, екі баласының — 9 жастағы Удайбхан мен 8 жастағы Дикшидің көзінше әйеліне шабуыл жасаған. Балалар араша түспек болғанда, ол оларды итеріп жіберген.
Дикшидің айтуынша, әкесі анасына түні бойы соққы жасаған. Содан кейін ол анасын туыстарына апарған. Бірақ таңертең олар қайта үйге оралғанда, күдікті тағы да Кусумға таяқпен шабуыл жасап, әйел сол жерде құлап қалған.
Жәбірленуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның қайтыс болғанын тіркеді.
Полицияның хабарлауынша, күдікті ұсталып, тергеу барысында әйеліне қол көтергенін мойындаған. Алайда оның мұндай әрекет өлімге әкелетінін білмегенін айтқан.
Отбасында екі кәмелетке толмаған бала және Пенджабта жұмыс істейтін 22 жастағы үлкен ұлы Тилак Радж бар. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.