Ұлыбританияда бұрын ер адам өзіне баспана беріп, қаржылай көмектескен 93 жастағы қарияны аса қатыгездікпен өлтірді, деп хабарлайды kznews.kz Mirror басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде Десборо қаласында болған. 40 жастағы Сэмюэл Филд 93 жастағы қария Марти Глинннің пәтеріне кіріп, оған шабуыл жасаған. Тергеу мәліметінше, ол зейнеткерді 28 сағат бойы азаптап, ұрып-соғып, тепкілеп, басына аяқ басып, буындырып азаптаған. Қылмыскер бұл әрекеттерін камераға түсіріп отырған.
Глинн ауыр жарақат алған: мойын омыртқалары сынған, миына бірнеше рет қан құйылған.
Жедел жәрдемді Филд тек бір тәуліктен кейін ғана шақырған. Ол операторға біртүрлі “өзіме қарсы қастандық бар” деген мазмұнда түсініксіз сөздер айтқан. Полиция келген кезде зейнеткерді душ бөлмесінен қанға боялған күйде тапқан.
Ауруханада, сөйлеу қабілетін жоғалтпай тұрып, Марти Глинн детективке көрсетпе беріп, өзін азаптаған адамның Филд екенін айтқан. Ол сондай-ақ бірнеше жыл бойы оған ақша беріп келгенін және қысым мен бопсалауға ұшырағанын жеткізген.
Ұзақ ем қабылдағаннан кейін 93 жастағы ер адам алған жарақаттарынан көз жұмды. Сэмюэл Филдке кісі өлтіру бойынша айып тағылды, ол өз кінәсін мойындамай отыр.