Шоу-бизнес

Енді фонограммамен ән айтқандар 4 миллион теңге айыппұл арқалайды

Енді фонограммамен ән айтқандар 4 миллион теңге айыппұл арқалайды
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда концерттерде фонограмма қолдануға қатысты талаптар күшейтіледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында мәдениет вице-министрі Айбек Сыдықов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Бүгінгі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өнерпаздар концерт барысында фонограмма қолданылатыны туралы көрерменге алдын ала хабарлауы тиіс. Алайда жаңа түзетулерде бұл талаптар қатаңдатылады. Мәжіліс енгізген өзгерістерге сәйкес, 200 адамнан көп жиналатын мәдени-көпшілік іс-шараларда фонограмма пайдалану толығымен тыйым салынбақ.

Айбек Сыдықовтың айтуынша, фонограмманы заңсыз қолданғандарға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

"Қазіргі таңда мәжіліс депутаттары фонограммаға тыйым салу мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жаңа норманы кіргізіп отыр. Онда 1 000 айлық есептік көрсеткішке (2025 жылда — 3 932 000 теңгеге) дейін айыппұл салу қарастырылған", – деді вице-министр.

Сонымен қатар, ол бұл талаптардың сақталуын жергілікті атқарушы органдар қадағалайтынын атап өтті. Яғни, аймақтық мәдениет басқармалары, концерт залдарының әкімшілігі мен ұйымдастырушылар фонограммаға қатысты нормалардың орындалуына тікелей жауапты болады.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz