KZNEWS.KZ
Экономика

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге өседі: Үкімет бизнес пен бағаға қатысты қандай өзгерістер әзірлеп жатыр?

• Жарқын Омаров
lsm.kz

Вице-министрдің айтуынша, халықтың нақты табысын арттыру экономикалық өсімді қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету арқылы жүзеге асырылмақ. Бағаның өсуін тежеу үшін тауар құны мен коммуналдық тарифтерге қатысты бақылау шараларын күшейту көзделген.

Шағын бизнеске үш жылдық мораторий енгізілуі мүмкін

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында Ұлттық экономика министрлігі орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлемек. Құжат кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді қаржыға қол жеткізуін жеңілдетуге, өндірісті технологиялық жаңғыртуға және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталады.

Сонымен қатар микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін.

«Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Бұдан басқа, бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту тәсілдері жетілдіріледі», – деді Азамат Әмрин.

Бұдан бөлек, бизнесті қолдау бағдарламаларын жеңілдетіп, оларды маркетплейстермен, банктермен және логистикалық сервистермен біріктіру жоспарланып отыр. Орта бизнеске қолжетімді қаржыландыру мен заманауи технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту де көзделген.

Ауқатты азаматтарға салынатын салық өсуі мүмкін

Ұлттық экономика министрлігі табысы мен байлығы жоғары азаматтар үшін жоғарылатылған салық мөлшерлемесін енгізу мүмкіндігін де зерттеп жатыр. Бұл мәселе халықаралық тәжірибені ескере отырып қарастырылмақ. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.

Инфрақұрылымдық жобаларға жасанды интеллект тартылады

Қазақстанда жол, мектеп және аурухана сияқты маңызды нысандардың құрылысын қаржыландыру үшін Инфрақұрылымды дамыту қоры құрылды.

Азамат Әмриннің айтуынша, Қордың жұмыс істеу тәртібін, жобаларды қаржыландыру шарттарын және қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау тетіктерін айқындайтын Бюджет кодексіне түзетулер дайындалған.

Сонымен қатар мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауға жасанды интеллект технологияларын тарту жоспарланып отыр.

«Мемлекеттік бюджет ақшасы босқа ысырап болмауы үшін шығындарды қадағалауға жасанды интеллект тартылады», – деді вице-министр.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →