Қытайдың Шанхай қаласында өткен 2026 Tmall NEWTY Festival Offline Events фестивалінің ашылу және жабылу рәсімдерінде өнер көрсеткен Димаш Құдайберген тыңдармандарын тосын жаңалығымен тәнті етті, деп хабарлайды Kznews.kz.
Stan.kz мәліметінше, 2026 жылғы 16 қаңтарда Шанхайдағы Орындаушылық өнер орталығында өткен салтанатты кеште әнші өзінің “Fire” атты авторлық композициясын жаңа аранжировкада орындаған. Әннің ортасында ол күтпеген жерден қазақ тілінде өте жылдам речитатив қосып, залдағы көрерменнің де, желідегі тыңдарманның да назарын бірден өзіне аударған.
Дәл осы қарқынды «читка» әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшілік Димаштың орындау мәнерін Eminem-мен салыстыра бастады. Пікір қалдырғандар мұндай формат әншіге бұрыннан тән емес сияқты көрінгенімен, сахнада өте табиғи әрі үйлесімді шыққанын жазған.
Желі қолданушыларының жазбалары арасында мынадай пікірлер тарады:
“Димашжанды мақтап жазуға 42 әрпім жетпей отыр”, “Димаш әлемде ерекше жалғыз тұлға”, “Біздің Димаштың таланты таңғалдырады”, “Eminem ағылшын буыны жалғауы қатты күрделі емес рэп оқиды, ал қазақ тілінің күрделілігімен мұндай жылдамдық”, “Меніңше, ол Эминемнен де асып түсті: жылдамдығы жоғары, дауысы айқынырақ, тембрі байырақ”, – деп жазған олар.