Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының өкімімен Елнұр Бейсенбаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жаңа қызметке тағайындалғанын мәлім етті, деп хабарлайды Kznews.kz.
«Мемлекет басшысының өкімімен Бейсенбаев Елнұр Сабыржанұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісі болып тағайындалды», – делінген хабарламада.
Елнұр Бейсенбаев 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдап, 2010 жылы осы оқу орнында «Саясаттану магистрі» бағдарламасын аяқтаған.
Еңбек жолын қоғамдық сектордан бастаған ол 2006–2012 жылдары «Жастар Үні» қоғамдық бірлестігінде түрлі басшылық қызметтер атқарып, ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі әрі жастар қанатының төрағасы болған.
2012–2015 жылдары Алматыдағы «№48 мектеп-лицейде» тарих пәнінен сабақ беріп, бір мезгілде Қазақстанның Коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиалында идеология және насихат бойынша хатшы қызметін атқарған.
2015–2017 жылдары Алматы қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасында жастар жобалары және ұйымдастыру жұмысы бөлімін басқарды. Кейін осы басқарманы толықтай басқарған.
2017–2018 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тәрбие, әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры болды.
Ал 2019–2020 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарса, 2020–2021 жылдары Jas Otan жастар қанатының төрағасы болды.
2021–2023 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты ретінде әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында жұмыс істеді.
Сондай-ақ ол Amanat партиясының атқарушы хатшысы. 2023 жылғы 28 наурыздан бастап Amanat партиясының партиялық тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты ретінде қызмет атқарып келеді.