Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылы өткен Australian Open турнирінде топ жарып, мансабында алғаш рет Австралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған қазақстандық теннисші финалда дүниежүзінің бірінші ракеткасы, беларусь өкілі Арина Соболенкомен кортқа шықты. Турнир Мельбурн қаласында хард жабындысында өтті.
Шешуші матч үш сетке созылып, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен Рыбакинаның пайдасына аяқталды. Қарсыластар кортта 2 сағат 18 минут бойы тартысты ойын көрсетті.
26 жастағы Елена Рыбакина осылайша Australian Open турниріндегі алғашқы чемпиондық атағына қол жеткізді. Бұл – оның Үлкен дулыға санатындағы жарыстарда жеңіп алған екінші титулы. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдон турнирінде чемпион атанған болатын.
Ал Арина Соболенко Australian Open финалында екінші жыл қатарынан жеңіліске ұшырады. Өткен жылы бұл турнирде америкалық Мэдисон Киз жеңіске жеткен еді. Бұған дейін беларусь теннисшісі аталған турнирде екі мәрте чемпион атанған.
Мельбурндегі хард жабындысындағы мэйджор аяқталғаннан кейін Соболенко әлемдік рейтингтегі көшбасшылығын сақтап қалады. Ал Рыбакина бесінші орыннан үшінші сатыға көтеріледі. Рейтингтің екінші орнына польшалық Ига Швёнтек жайғасады.