Әнші Индира Елемес қиын жағдайға тап болғанын айтып, көмек сұрады. Оның сөзінше, түрмеде отырған бұрынғы күйеуінің әрекеті салдарынан өзі мен балалары үйсіз қалу қаупінде, деп хабарлайды kznews.kz.
Индираның айтуынша, ол 2018 жылдан бері «Иль де Франс» кешенінде тұрып, өз қаражатына үш пәтер сатып алған.
«Үш пәтерді сатып алып, оларды біріктіруге рұқсат алғанмын», – дейді әнші.
Алайда құрылыс компаниясының өкілдері оның мүлкіне қатысты күмәнді келісім жасағанын айтады.
«Жақында пәтерімізді 25 млн теңгеге басқа біреу сатып алғанын білдім. Нарықтағы бағасы – 125 млн теңге. Енді сол адам мені өз үйімнен қуып жатыр», – дейді Индира.
Оның айтуынша, мәміле оның қатысынсыз, қамауда отырған бұрынғы күйеуі Иманмади Қалилхан арқылы рәсімделген.
«Қалайша қамауда отырған адам менің атымдағы құжаттарға қол қойып, келісімшарт жасай алады?» – деп ашынады ол.
Индира сондай-ақ бұрынғы жұбайының тергеу изоляторында отырса да, Instagram қолданатынын, туыстары мен өзіне қоқан-лоқы жасайтынын айтады. Оның сөзінше, сот орындаушысы да көлігін бағадан үш есе арзанғасатып жіберген.
Әнші бұл жағдай бойынша Медеу аудандық полициясына шағымданғанымен,
«аса ірі көлемдегі қылмыстың белгілеріне қарамастан, іс қозғаудан бас тартты» дейді.
Индира Елемес Президентке үндеу жолдап, әділдік сұрады:
«Менің және балаларымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өтінемін. Мемлекеттік органдар заңсыздықты жасырып отыр», – деді ол.