Екібастұзда көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болған жол апатынан алты жастағы бала қаза тапты. Оқиға 19 қыркүйек күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Павлодар облысының Полиция департаменті баланың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір мамандар апаттың себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.
«Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушылар жол ережесі мен жылдамдық режимін қатаң сақтауы керек. Әсіресе көлік қозғалысы қарқынды аумақтарда аса сақ болған жөн», – делінген полиция хабарламасында.
Қаза болған баланың туыстарының айтуынша, қайғылы жағдай шамамен сағат 18:30-да болған. Олардың сөзінше, көлік жүргізген қыз аулада «жатқан полицей» болғанына қарамастан, көлікті жоғары жылдамдықпен басқарған.
Аталған дерек бойынша тергеу жалғасып жатыр.