Түркістан облысының Арыс қаласында жеңіл автокөлік жеке тұрғын үйдің қоршауын бұзып өтіп, аулада отырған адамдарды қағып кеткен. Қайғылы оқиға салдарынан төрт адам қаза тапты. Олардың арасында екі кішкентай бала мен жүкті әйел бар, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, тағы екі адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.
Ақпараттарға сәйкес, көлік тізгінінде 52 жастағы әйел болған. Сараптама қорытындысы оның мас күйде болғанын көрсеткен. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, мас күйінде көлік жүргізіп, екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оқиғадан кейін қоғамда мас күйінде көлік басқарғандарға қатысты жазаны күшейту мәселесі қайта талқылана бастады. Депутаттар бұл бағыттағы заңнамалық нормаларға байланысты азаматтардан көптеген өтініш пен шағым түсіп жатқанын мәлімдеді.