KZNEWS.KZ
Әлем

Екі апта бойы іздеген: Балық аулауға кеткен 13 жастағы баланың денесі өзеннен табылды

• Қайсар Қанат
Фото: ашық дереккөзден

Қайғылы оқиға Башқұртстанның Мечетлин ауданындағы Аюпово ауылының маңында болған.

8 қараша күні кешкі сағат 18:00 шамасында Айназ досымен бірге Ай өзеніне балық аулауға барған. Сол жерде жасөспірім суға құлап кеткен. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, досы оны судан шығарып, жағаға жеткізген. Кейін ересектерді көмекке шақыру үшін кеткен. Алайда үлкендер оқиға орнына қайтып келгенде, Айназ жағалауда болмаған.

Жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабар түскеннен кейін іздестіру жұмыстары басталған. Алдымен полиция қызметкерлері, кейін құтқарушылар мен еріктілер жұмылдырылған. Іздестіру жұмыстарына көршілес аудандар мен Свердлов облысынан да азаматтар келген.

Баланы іздеу үшін арнайы қайықтар, квадроциклдер, сүңгуірлер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылған. 13 қарашада жасөспірімнің жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен.

26 қарашада Айназ Ахкямовтың денесі Ай өзенінен табылғаны белгілі болды. Жасөспірімнің мәйіті суға кеткен болуы мүмкін деген жерден шамамен 1,5 шақырым қашықтықта анықталған.

Алғашқы мәлімет бойынша, денесінде көзге көрінетін жарақат іздері болмаған. Баланың нақты неден қайтыс болғаны тиісті сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Айназды іздеу жұмыстары жүріп жатқанда отбасы тағы бір қайғыға тап болған. Жасөспірімнің 63 жастағы атасы Ришат Каримов кенеттен дүниеден өткен. Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде оның қайтыс болғанын хабарлап, отбасының ауыр жағдайын бөліскен. Ришат Каримов 30 жылдан астам уақыт орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау саласында еңбек еткен.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →