KZNews.kz
Жаңалықтар

Екі адам қаза тапты: Елге танымал бокс чемпионы сұмдық жол апатына түсті (ВИДЕО)

Қайсар Қанат
istockphoto.com

Кәсіпқой боксшы, бұрынғы әлем чемпионы Энтони Джошуа жол-көлік оқиғасына ұшырады. Қайғылы апат адам өлімімен аяқталғаны хабарланды, деп жазады Sportinside.kz.

BBC мәліметінше, 36 жастағы спортшы Нигерияда болған жол апатына қатысқан. Ол отырған автокөлік автомагистральда қозғалыссыз тұрған жүк көлігіне соқтығысқан. Джошуаның көліктің артқы орындығында отырғаны айтылды.

Апат салдарынан боксшы жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Жергілікті полицияның хабарлауынша, оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда Энтони Джошуаның үстіңгі киімсіз, ауырсынған күйде куәгерлердің көмегімен көліктен шығып жатқан сәті көрінеді.

Жол апаты салдарынан екі адам қаза тапқан. Алайда олардың жеке басы мен қай көлікте болғаны әзірге нақтыланбады.

Айта кетейік, Энтони Джошуаның нигериялық тегі бар. Ол аса ауыр салмақта бұрын әлем чемпионы атанған және әлемдегі ең танымал боксшылардың бірі саналады. Соңғы жекпе-жегін 19 желтоқсанда Майами қаласында өткізіп, америкалық блогер-боксшы Джейк Полды нокаутпен жеңген болатын.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары