Елімізден өндірілетін мұнайдың негізгі экспорттық қақпасы саналатын "Каспий құбыр консорциумы" теңіз терминалына тағы да дронмен шабуыл жасалды.Бұл жолы шабуыл дәл мұнай тиеу кезінде болған.
КТК мәліметінше, шабуылға екі танкер ұшыраған. Оның бірі "Теңізшевройлдың" мұнайын тиеп жатқан ASIA, екіншісі Қашаған мен "ҚазМұнайГаздың" мұнайын тиеп жатқан NISSOS IOS танкері екен. Дрон соққысынан ASIA танкерінде өрт шыққанымен, ол дер кезінде сөндірілді. Қазір мұнай тиеу толық тоқтатылды. Зардап шеккендер жоқ, мұнай төгілмеген. Алайда, танкерлердің зақымдану деңгейі анықталып жатыр.
КТК бұл оқиғаны жай ғана шабуыл емес, халықаралық құқықпен қорғалатын азаматтық инфрақұрылымға қарсы террорлық әрекет деп бағалады. Компанияның мәліметінше, бұл консорциум нысандарына жасалған бесінші шабуыл болып отыр.
Әлбетте, бұл оқиға Қазақстан үшін маңызды мәселе. Өйткені, КТК арқылы еліміздің ең ірі үш кен орны - Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтың мұнайы әлемдік нарыққа шығарылады. Былтыр осы құбырмен 70,5 миллион тоннадан астам мұнай экспортталған.
"Каспий құбыр консорциумы" акционерлері қатарында Ресеймен бірге Қазақстан, АҚШ және Батыс Еуропаның жетекші мұнай компаниялары бар. Сондықтан терминалға жасалған кез келген шабуыл тек Ресейдің емес, Қазақстанның да экспорттық мүддесіне және жаһандық энергия қауіпсіздігіне әсер ететін оқиға ретінде бағаланып отыр.