Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Достық» станциясында жүк контейнерлері жүк иелерінің келісімінсіз тарифі қымбат терминалдарға бағытталуы мүмкін. Соның салдарынан кәсіпкерлер қосымша шығынға ұшырап жатыр. Бұл мәселені Құрылтай депутаты, «Ақ жол» фракциясының өкілі Асылхан Қожахметов көтерді, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың айтуынша, «Ақ жол» партиясы Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы жүк тасымалдайтын кәсіпкерлердің мәселесіне бірнеше жылдан бері назар аударып келеді. 2021 жылы контейнерлердің жолда тұрып қалуынан бизнес миллиардтаған шығынға ұшырағаны айтылса, 2025 жылы вагондарды жеткізудегі кедергілер көтерілген. Алайда мәселе әлі шешілмеген.
Асылхан Қожахметовтің мәліметінше, «Достық» станциясында төрт терминал жұмыс істейді. Олар – «КеденТрансСервис», «Евротранзиттерминал», «ДостықТрансТерминал» және «Атасу».
Кәсіпкерлердің кейбірі жүктерін белгілі бір терминал арқылы қайта тиеуге алдын ала келісімшарт жасап, ақысын төлеп қояды. Соған қарамастан, Қытайдан келетін контейнерлер жүк иелерінің келісімінсіз басқа терминалға, соның ішінде «ДостықТрансТерминалға» бағытталуы мүмкін. Нәтижесінде кәсіпкерлер өздері таңдамаған оператордың қымбат қызметін төлеуге мәжбүр болады.
Станция басшылығы мұны контейнерлерді терминалдар арасында тең бөлу қажеттілігімен түсіндіреді. Алайда депутат бұл уәж нақты деректермен расталмайтынын айтады.
«SevenR Logistics» ЖШС ұсынған мәлімет бойынша, 2026 жылғы қазанда «Достық» станциясындағы шамамен 3 720 контейнердің 978-і «КеденТрансСервиске», 1 069-ы «Евротранзиттерминалға», 1 534-і «ДостықТрансТерминалға», ал 139-ы «Атасу» терминалына тиесілі болған.
Депутат әсіресе контейнерлердің станциядан 10 шақырым қашықтықта орналасқан «ДостықТрансТерминалға» көптеп бағытталуына күмән келтіреді.
Мәселенің тағы бір түйткілі – тариф айырмашылығы. Кәсіпкерлердің мәліметінше, балама терминалдарда бір контейнерді қайта тиеу құны 90 доллардан аспайды. Ал «ДостықТрансТерминал» қызметі үшін 205-235 доллар аралығында ақы алады. Осылайша, терминалды мәжбүрлі түрде ауыстыру жүк иелеріне едәуір қосымша шығын әкеледі.
Асылхан Қожахметов мұндай жағдай Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға кедергі келтіретінін атап өтті. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та елдің Еуразиядағы негізгі көлік хабтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайту міндетін қойған.
Депутаттың пікірінше, жүк иелерінің терминалды өз бетінше таңдау құқығын шектеу және оларды қымбат қызмет ақысын төлеуге мәжбүрлеу бәсекелестікке кері әсер етеді.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы бірнеше талап қойды. Атап айтқанда, депутаттар жүк иесінің келісімінсіз контейнерлерді басқа терминалға бағыттаған «Достық» станциясы лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға беруді, контейнерлерді терминалдар арасында бөлу тәртібін нақты белгілеуді және қосымша шығындарды кәсіпкерлерге жүктеудің заңдылығын тексеруді талап етті.
Сонымен қатар, фракция контейнерлерді бөлудің ашық әрі әділ тәртібін енгізіп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, терминалдар арасындағы бәсекелестік жағдайы мен тарифтердің негізділігін тексеруге шақырды.