Әлем

Дональд Трамп Гренландия аралын «келісім арқылы не күшпен» алатынын айтты

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
Дональд Трамп Гренландия аралын «келісім арқылы не күшпен» алатынын айтты
kznews.kz коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландия мәселесінде «келісіммен де, күшпен де» нәтижеге жететінін меңзеді. Ол мұны Ресей мен Қытайдың Арктикадағы ықпалына тосқауыл қою қажет деген уәжбен түсіндіріп, Даниямен мәміле болмаса «қатты тәсілге» де баруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі Deutsche Welle (DW) басылымына сілтеме беріп.

Ақ үйде мұнай компаниялары басшыларымен өткен кездесуде Трамп «Гренландияға қатысты олар қаласа да, қаламаса да біз бір шешім қабылдаймыз» деген мағынада сөз сөйледі. Оның айтуынша, егер Вашингтон бұл аймақта белсенді әрекет етпесе, «Ресей немесе Қытай бақылауды күшейтіп алады», ал АҚШ «олармен көрші болғысы келмейді».

Трамп бұған дейін тұрғын саны шамамен 57 мың болатын, көпшілік жерін мұз басқан аралды алу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармаған. Бұл жолы ол «оңай жолмен келісім жасағым келеді. Бірақ оңай жолмен келісе алмасақ, қиын жолмен жасаймыз», – деді ол жұма күні.

Журналистер АҚШ-тың Гренландияда әскери базаларды жалға алып отырғанын және келісім бойынша қажет болса аралға қосымша әскер орналастыруға құқы барын еске салғанда, Трамп: «Жалға алу – меншік емес. Меншікті қорғау керек. Сондықтан Гренландияны қорғауға тура келеді. Әйтпесе оны Қытай не Ресей бақылауына алады», – деп жауап берді.

Гренландия парламентіндегі (Inatsisartut) бес партия жұма күні бірлескен мәлімдеме жасап, Трамптың сөздерін қабылдамайтынын айтты. «Біз америкалық болғымыз келмейді, дан болғымыз келмейді, біз гренландиялық болғымыз келеді», – делінген мәлімдемеде. Олар АҚШ-ты «елімізді менсінбеуді» тоқтатуға шақырып, «Гренландияның болашағын гренландиялық халықтың өзі шешуі тиіс» екенін қоса айтты.

Трамп Гренландияны бақылауына алғысы келетінін талай рет айтқан. Бірақ АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроны «ұстап әкету» операцияларын жүргізгеннен кейін бұл риторика одан әрі күшейе түсті.

Әскери араласудан бөлек, Трамп әкімшілігі гренландиялықтарға ақша ұсыну арқылы оларды Даниядан бөлініп, АҚШ құрамына қосылуға көндіру идеясын да айтқан.

Еуропаның өзге көшбасшылары да Трамптың сөздерін құптамағанын білдіргенімен, жалпы жауап әзірге өте нақты емес, ұстамды түрде айтылып отыр. Германия, Франция, Италия, Польша, Испания, Ұлыбритания және Дания сейсенбі күні бірлескен мәлімдеме жасап, Гренландияның болашағын тек Гренландия мен Дания ғана шеше алатынын айтты.

Сонымен бірге Италия премьері Джорджа Мелони ықтимал әскери қадамның НАТО үшін ауыр салдары болуы мүмкін екенін айтып, Арктика қауіпсіздігін күшейту тек одақтастардың ортақ іс-қимылы арқылы іске асуы тиіс деген ойға тоқталды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz